ЕурАзЭҚ комиссиясы Минскде бас қосып, интеграциялық ықпалдастыққа қатысты кең көлемді мәселелер топтамасын қарайды

Екі күнге созылатын жиын барысында қатысушылар ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің интеграциялық ықпалдастығына қатысты кең көлемді мәселелер топтамасын қарайды. Атап айтсақ, Қауымдастық елдерінің салық мекемелерінің өзара қосарланған салыққа жол бермеу жөніндегі келісімдерді қолдану тәжірибесін, сондай-ақ, кіріс және капитал салығы бойынша салықтан жалтарудың алдын алуға бағытталған шаралар туралы талқылау межеленіп отыр.

Сонымен бірге отырысқа қатысушылар ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы инвестицияларды өзара қорғау және оны ынталандыру жөніндегі келісімінің жобасын жасау жұмысының барысы туралы пікір алмасады. Қоғамдастықтың тұрақты өкілдері сонымен бірге ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің агроөнеркәсіптік саясатының тұжырымдамасының жобасын, Еуразияның тауар өткізу жүйесінің тұжырымдамасын, астық рыногын мемлекеттік реттеу туралы келісімнің жобасын, Қоғамдастыққа мүше бес елдің үкіметтері арасында азаматтардың визасыз қатынауы туралы келісімнің хаттамасын және басқа да құжаттарды сарапқа салады.
ЕурАзЭҚ 2000-жылдың қазан айында құрылған. Қоғамдастыққа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан енеді. Армения, Молдова және Украина Қоғамдастық жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие.
Тұрақты өкілдер комиссиясы Қоғамдастықтың интеграциялық комитетінің отырыстары аралығында ұйымның тұрақты жұмыс істеу мүмкіндігін қамтамасыз етуге, интеграцияны тереңдету мәселелері бойынша мемлекеттердің ұстанымын өзара жақындастыру және келісу, Қоғамдастық пен оған мүше елдердің тиісті мекемелері, ұйымдары мен ведомстволары арасындағы ықпалдастықты жүзеге асыруға бағытталады. Сонымен бірге комиссия Қоғамдастыққа мүше елдердің ынтымақтастыққа және әзірленуші құжаттар жобасына қатысты ұстанымдары мен ұсыныстарын қарап, оларға қатысты нұсқаулар береді. Тұрақты өкілдерді Қоғамдастыққа мүше елдердің мемлекет басшылары тағайындайды.