ЕурАзЭҚ өкілдері Алматыда интеграция тақырыбын талқылауда

Қарапайым адамдарға бағытталған он қадамның қазір біз "сегіз жарымын жасадық",- деп мәлімдеді журналистерге ЕурАзЭҚ бас хатшысының орынбасары Серік Пірімбетов.

С.Пірімбетовтың айтуынша, ЕурАзЭҚ елдері азаматтыққа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібін енгізу жөніндегі келісімге келді. Сонымен бірге ЕурАзЭҚ елдеріне шетелдік валютаны төрт елдің шекарасы арқылы кедергісіз алып өтуге рұқсат берілді. Білім игергені туралы дипломдар мен аттестаттарды өзара мойындауға қол жеткізілді.
Соған қарамастан,С.Пірімбетовтың айтуынша, "бестік" елдері әлі де бірқатар проблемаларды жолға қоюға тиіс. Оның пікірінше, мигранттарға тиісті мәртебе беруге қол жеткізу керек. "Қоғамдастық құрамына енетін елдің шекарасынан өткен азаматтар бөгде елдік болып саналуға тиіс емес",- деп мәлімдеді бас хатшының орынбасары. "Қарапайым адамдарға бағытталған қарапайым он қадам туралы" мәлімдеменің ережелері бойынша ЕурАзЭҚ елдерінің аумағында жүрген барлық азаматтарға бірдей жедел дәрігерлік көмек көрсетуге жағдай жасалуға тиіс, деді ол. "Миграттар әлеуметтік-тұрмыстық нормативтердің тым құрыса ең төменгі сатысына қол жеткізе алуға тиіс",- деді С.Пірімбетов.
Сонымен бірге, орынбасардың пікірінше, Қоғамдастыққа мүше елдердің аумағында өзара теле- және радиобағдарламаларын таратуға қолайлы жағдайлар жасалмаған. "Менің пайымдауымша, біз бір-бірімізге шамалы болса да ақпараттармен қамтамасыз етіп отыруға тиіспіз. Өйткені, ЕурАзЭҚ елдерінің азаматтары Қазақстанда қандай реформалар жүргізіліп жатқанынан мүлдем бейхабар",- деп мәлімдеді С.Пірімбетов.
Өздеріңізге мәлім, "Қарапайым адамдарға бағытталған қарапайым он қадам туралы" бағдарламаны президент Назарбаевтың бастамасы бойынша Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Қазақстан мемлекет басшылары 1998-жылдың сәуір айында Мәскеуде қабылдаған. Артынан бұл мәлімдемеге Тәжікстан да бірікті.