Халықаралық байқауға Еуропа, Азия, ТМД елдері мен Қазақстандық режиссерлер түсірген 12 картина іріктеп алынды, деп сейсенбі күні «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің Алматыдағы баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында кинотанушы Инна Смаилова хабарлады.
«Биыл кинофестивальге ерекше қызығушылық байқалады. Халықаралық байқауға 60-қа жуық картина берілді, қазақстандық байқауға келіп түскен фильмдер саны шамамен 30-ға жуықтайды. Әділқазылар қазақстандық үш туындыны халықаралық байқауға іріктеп алғаны ерекше қуантады. Олар - «Шуақты күндер», «Риэлтор», «Найзағайдан бұрын» фильмдері», - деді ол.
Байқауда Исландиялық режиссер Рунар Рунарссонның «Жанартау» фильмі, ирандық режиссер Мохсен Абдолвахабтың «Өтінем, мазалама» фильмі, Румын режиссері Каталин Митулескудің «Көңілдес» фильмі, ресейлік кинематографист Игорь Волошиннің «Тұңғиық» фильмі, өзбектің «Қорғасыны» мен қырғыздың «Махаббатты мойындау» фильмдері көрсетілмек.
Кинофестивальдің арт-директоры Гүлнар Әбікеева қазақстандық режиссер Рүстем Әбдірашевтің жетінші кинофестивальдің әділ қазылар алқасының бесінші мүшесі болып сайланғанын айта кетті.