Құрамына Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армения елдері кіретін ұйым 180 млн тұтынушыны қамтып отыр. Бұл тақырып Брюссель қаласында өткен Бельгия-Люксембург сауда-өнеркәсіп палатасының конференциясына арқау болды. Бельгияның Брюссель қаласында бас қосқан бірнеше елдің кәсіпкерлері, сарапшылары мен үкімет мүшелері «Еуропалық және Еуразиялық экономикалық одақтардың сауда-экономикалық қарым-қатынасы» тақырыбы төңірегінде әңгіме қозғады.
«Әлем картасында пайда болған Еуразиялық экономикалық одақ 180 млн адамды қамтып отыр. Бұл - өте мықты ұйым. Енді оның аясын одан әрі кеңейту қажет», деді Бельгияның Сыртқы сауда жөніндегі министрі, мемлекеттік хатшы:Питер де Крем.
Жиын барысында қос ұйымның әріптестігі жан-жақты талқыланды. Қатысушылардың айтуынша, арадағы алыс-берісті арттыруға бірлескен жобалар көпір болмақ. Бұл ең алдымен екі одақ тұтынушыларының жағдайын жақсартады.
- Қазақстан - Бельгия мен Еуропаның сенімді серіктесі. Сіздерде инвесторларға жол ашық. Сондықтан да біздің кәсіпкерлер өз жобаларын Қазақстанда жүзеге асырғылары керек. Бұл тұста Еуразиялық экономикалық одақтың рөлі орасан, деп атап өтті «BEKAERT» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Берт Де Граве.
Кәрі құрлықтың кәсіпкерлері Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысына үлкен сенім білдіріп отыр және ұйымға мүше елдермен байланыс орнатуға ынталы екендерін жеткізді.