С.Филипстің пікірінше, Форумның пайдасы "ұшан-теңіз әрі қазірден-ақ айқын". Өйткені, Батыстағы көптеген журналистер Азия аймағындағы оқиғалардан хабардар болуды қалайды. "Еуразиялық МедиаФорум - Батыс пен Шығысты өзара байланыстыратын ерекше тетік іспетті",- дейді С.Филипс.
Еуразиялық МедиаФорумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева форумның қазақстандық журналистерге әкелетін пайдасына тоқталды. "Ол - есімдері өзіндік "тауарлық белгіге айналған" танымал адамдармен көзбе-көз танысуға берілетін бірегей мүмкіндік болмақ". "Форум дегеніміз - бірінші кезекте таныс-білістік, тікелей қарым-қатынас, пікірталас, түрлі саладағы соңғы жетістіктермен таныстық, ең бастысы - әлемнің әр түкпірінен келген әріптестермен іскерлік, достық, әріптестік байланыстар орнату деген сөз",- деді Д.Назарбаева. Ол "журналистер үшін бұдан артық мастер-класс немесе бұдан артық тренинг-курс ойлап табу қиын" деген сенімде. "Осы үш күнде дүниежүзі біздің алақанымызда тұрғандай болмақ".
Форумның Лондондық тобының жетекшісі Сьюзен Филипс: "бұл шара Қазақстанның демократиялық дамуына бір дәлел",- деп атап өтті.
"Форум аясындағы ашық пікірталастар да оған дәлел. Өйткені, ондай пікірталастар тек ел ішінде ғана емес, шетелдерде де белсенді насихатталады",- деді ол.
Үшінші Еуразиялық МедиаФорум ертең, 22-сәуірде Алматыда басталады. Оған әлемнің 50-ге арта елінен келген журналистер, зерттеушілер, сарапшылар мен талдаушылар қатысады. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, Форум жұмысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашады. Сондай-ақ, форумға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Ян Кубиш, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім-шарты ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжа, ЕурАзЭҚ бас хатшысы Григорий Рапота сынды ресми адамдар қатысады.