«Еуро-2012»: Бүгін Қазақстан құрамасы Германиямен ойнайды

Бұл Қазақстан құрамасының іріктеу турниріндегі төртінші матчы. Жерлестеріміз бұған дейін үш кездесу өткізіп, соның барлығыныда жеңіліп қалды. Қазақстан құрамасы бірінші ойынында қыркүйектің 3-і күні елордада Түркияны қабылдап, 0:3 есебімен ұтылып қалса, содан кейін қыркүйектің 6-сында сырт алаңда 0:2 есебімен Австрияға есе жіберді. Ал, қазанның 8-інде болған үшінші матчта өз алаңында Бельгияға 0:2 есебімен ұтылды. Сөйтіп, үш ойында бірде-бір ұпай еншілемеген біздің команда өзі сынға түсетін «А» тобында Әзірбайжан құрамасымен соңғы орында келеді. Ал, Германия құрамасы болса «А» тобында» көш басында тұр. Неміс футболшылары сырт алаңда Белгияны 1:0, өз алаңында Әзірбайжанды 6:1 және Түркияны 3:0 есебімен ұтты. ФИФА-ның соңғы жариялаған рейтингі бойынша, Германия құрамасы 3-інші, ал Қазақстан құрамасы 126-ыншы орында тұр.

Бүгін сондай-ақ біздің топта Әзірбайжан-Түркия және Бельгия-Австрия құрамалары өзара шеберлік байқасады. Айта кетейік, 2012 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында біздің команда Германия, Түркия, Бельгия, Австрия және Әзірбайжан командаларымен бірге «А» тобында сынға түсуде.