Еуро-2012 кезекті күнінің қорытындылары: Италия мен Хорватия - 1:1, Испания Ирландияны 4:0 есебімен басып озды

Бірінші ойын Познаньдағы стадионның алаңында өтті, мұнда Италия мен Хорватия құрамалары 1:1 есебімен ойнады.

Бірінші таймды екі команда да белсенді өткізді, дегенмен, итальяндықтардың шеберлігі басымырақ екені байқалды. 3-інші минутта Марио Балотеллидің пасынан кейін Эмануэле Джаккерини допты қарсыластардың қақпасына бағыттады. Бірақ ол сол жақ штанганы жанай өтті. Клаудио Маркизио есепті 11-інші минутта ашуға жақын болды, бірақ доп қақпадан жоғары кетті. Тағы бес минуттан кейін хорваттардың қақпасын жаулап алу мүмкіндігін М.Балотелли өткізіп алды - бұл ретте оған қақпашы Стипе Плетикоса кедергі бола алды.

Бұған Хорватия құрамасы екі сәтпен жауап берді - 20-сыншы минутта қауіпті доп форвард Никица Елавичтен келді, 28-інші минутта бұрыштан ойнатылған доппен соққыны Иван Перишич жасады, алайда итальяндық қақпашы екі жағдайда да өзінің шеберлігін көрсете білді.

Бірінші таймның соңында тек Италияның құрамасы шабуылдады. Соның нәтижесінде ойынның 39-ыншы минутында М.Балотеллиге ереже бұзғаны үшін тағайындалған айыппұл добын тепкен Андреа Пирлоның нақты соққысының арқасында есеп ашылды.

Екінші таймның басында хорваттық Лука Модричтің ерекшеленуге екі мүмкіндігі болды, бірақ біріншісінде оның жолына итальяндық қақпашы бөгет болса, екіншісінде хорваттық құраманың плеймейкері допты қақпадан жоғары тепті. Дегенмен, 72-нші минутта хорваттардың форварды Марио Манджукич допты қарсыластардың қақпасына сала алды.

Ойынның соңында екі құрама да бірнеше ұпайдан жинай алды, алайда, салған күштеріне қарамастан, ойындағы есеп өзгермеді. Қорытынды: 1:1.

Екінші ойын Гданьскідегі стадионда өтті, онда әлем мен Еуропаның қазіргі чемпиондары - Испания Ирландияны ойсыра ұтып, ойынды 4:0 есебімен аяқтады. Осылайша, Ирландияны ширек финалға шығу мүмкіндігінен айырды.

Лондон «Челсиінің» форварды Фернандо Торрес есепті 4-інші минутта-ақ ашты. Бірінші тайм аяқталғанға дейін бірде-бір команда ерекшелене алмады, ал ойынның екінші бөлігінің басы ирландықтар үшін тағы да сәтсіз болды. «Манчестер Сити»-дің жартылай қорғаушысы Давид Сильва 49-ыншы минутта ерекшеленді. 70-інші минутта Ф.Торрес екінші мәрте гол соғып, есеп айырмасын ұлғайтты. Ал «Барселонаның» жартылай қорғаушысы Сеск Фабрегас 83-інші минутта матчтың нүктесін қойып, ирландықтарды қандай да бір мүмкіндіктен айырды.

Айта кету керек, Испания құрамасы «Еуро-2012»-де төрт ұпай айырмамен жеңіске жеткен - бірінші, бір матчта қарсыластардың қақпасына төрт доп тигізген екінші команда болды.

Испандықтар екі матчтың нәтижесі бойынша төрт ұпай алып, хорваттардың командасымен теңесті. Бұл екі құрама топтық раундтың қорытынды матчында кездесетін болады. Ирландықтар Хорватия командасынан 1:3 есебімен жеңілгеннен кейін және испандықтармен болған ойындағы сәтсіздіктерінен соң, ширек финалға шығу мүмкіндіктерінен айырылды. Олар «Еуро-2012»-ні итальяндықтармен болатын матчпен аяқтайтын болады.

Бүгін «D» тобындағы екінші тур матчтары өтеді. Киевте Швеция мен Англия құрамаларының арасындағы кездесу өтеді. Чемпионат Донецкіде де жалғасады, онда Украина мен Франция командалары ойнайды.

ҚазАқпарат өз оқырмандарын футболдан «Евро-2012» Еуропа чемпионатының күнделікті нәтижелерімен ақпараттандыруды жалғастырады.