Уэльс пен Словакия арасындағы матчта валлиліктер бірінші болып есеп ашты. 10-шы минутта айып добын тепкен Гарет Бэйл әдемі гол соқты. Оның шиырлай тепкен добына ышқына ұмтылған қақпашының қолы жетпей қалды.
Словактар екінші таймда ғана есеп теңестіре алды. Қарсыластарының қақпасына қарай екпіндей шабуылдаудың нәтижесінде гол соғылды. Оның авторы – Ондрей Дуда. Бұл 61-ші минут еді.
Бірақ тура 20 минуттан соң Уэльс футболшысы Хэл Робсон-Кану тағы бір гол соқты. Сөйтіп, осы голмен жалпы ойынның есебі айқын болды.
Уэльс – Словакия – 2:1
Англия мен Ресей арасындағы матчта ағылшындар ә дегеннен шабуылды үдетіп, орыстардың қақпасына көп қауіп төндірді. Олар да айып добымен есеп ашты. Тек екінші таймның орта тұсынан асқанда ғана, яғни 73-ші минутта гол соғылды. Айып добын ағылшын Эрик Дайер тепкен еді.
Ал орыстар 90 минуттан асқанда барып әрең гол соғып, есепті теңестіріп аяқтады. Гол соққан Василий Березуцкий.
Англия – Ресей – 1:1