Еурокомиссияның ұйымдастыруымен балалардың сурет көрмесі ашылады

Аталмыш конкурс 5 жыл қатарынан әлем балаларының гендерлік теңдік тақырыбы жөнінде өз көзқарастарын білдіруге шақырады. Көрмені салтанатты түрде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры және Еуропалық Одақ Өкілеттілігінің Басшысы, Елші Норбер Жустен ашады.

Конкурстың қорытынды бөліміне №№ 1, 35 мектеп-лицейлерінің және №№ 2, 3, 4, 6 мектеп-гимназияларының үшінші-төртінші сынып оқушылары белсенділік танытпақшы. Іс-шарада қатысушылардың көңілін көтеретін мерекелік танымдық-ойын-сауық бағдарламасы әзірленіп, сыйлықтар дайындалуда. Мереке барысында ашық дауыс беру арқылы ең жоғары деп танылған 10-ға жуық қазақстандық дарын иелерінің шығармалары әлемдік конкурс финалына қатысуы үшін Брюссельге жіберілетін болады. Еуропалық оқушылар құрамынан тұратын әділ-қазы мүшелері әлемнің әр аймағынан келіп түскен 2 шығармадан іріктеп, жеңімпазды анықтайды. Жеңімпаздарға 1000 евро көлемінде ақшалай сыйлық беріліп, олардың шығармалары конкурсқа қатысушы мемлекеттердің мектептерінде таратылатын буклетке енгізілетін болады.
Конкурсқа төртінші рет қатысып отырған қазақстандық жас суретшілердің шығармалары жеңіске толы. Мәселен, 2009 жылғы конкурста Қостанай облысы Жетіғара қаласынан шыққан 9 жасар Темірлан Қарғұлов жеңімпаз атанған болатын. Еуропалық Одақ Өкілеттілігінің Басшысы, Елші Норбер Жустен жас суретшінің туған жеріне барып құттықтап, жеңімпазға компьютер сыйлығын тарту еткен болатын. 2009 жылы конкурсқа Қазақстанның барлық аймақтарынан 190-ға жуық балалардың жұмыстары ұсынылса, 2010 жылы олардың ұсынған жұмыстарының саны 100-ге жуық.
Биыл конкурсқа республиканың бүкіл өңірінен 8 бен 10 жас аралығындағы балалар өз жұмыстарын ұсынды.
Гендерлік теңдік бастамасының алға жылжуы мен әйелдер үшін мүмкіндіктің кеңеюі Мыңжылдық Дамудың 8 Міндетінің бірі. Бұл қолдау көрсету мен дамыту саласындағы ЕО саясатының фундаменталды бөлігі болып табылады.
Балалар аудиториясымен жұмыс Музей қызметіндегі басым бағыттардың бірі болып табылады. Балалардың Музей жанындағы бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер студиясында оқи жүріп, отандық және шетелдік суретшілердің көрмелерімен танысуына және өз шығармаларын Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің галереясында ұсынуға мүмкіндіктері зор. Музейде мұндай беделді конкурсқа қатысушы талантты балалардың көрмесін өткізу мейірбан дәстүрге айналды.