Еуроодақ сатылмаған киімді өртеуден бас тартты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ірі өндіруші компаниялар үшін бұл тыйым биылғы 19 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал қалған кәсіпорындар 2030 жылға дейін сатылмай қалған киімдерді жою тәжірибесінен толық бас тартуға тиіс.

Дегенмен кей жағдайларда ерекшеліктер қарастырылған. Мәселен тауар зақымданған болса немесе санитарлық-гигиеналық себептермен жою қажет болған жағдайда рұқсат беріледі. Алайда мұндай кезде де компаниялар қандай өнімдерді утилизациялағаны жөнінде ашық ақпарат ұсынуға міндетті.

Бұл өзгерістер нарықтағы жағдайды түбегейлі өзгертуді көздейді. Қазір Еуроодақта текстильді жою оны қайта өңдеуге қарағанда әлдеқайда арзан, соның салдарынан жыл сайын миллиондаған киім қоқысқа тасталады. 

Бұл үрдіске онлайн-сауданың қарқынды дамуы да әсер етіп отыр: интернет арқылы сатып алынған тауарлардың едәуір бөлігі кері қайтарылады, ал компаниялар үшін оларды қайта сатуға қарағанда жою оңайырақ.

Еурокомиссия деректеріне сүйенсек, Еуроодақта сатылмай қалған аяқ киім мен киімнің шамамен 10 пайызы жойылады. Олардың да көбі өртелетінін айта кетейік. Бұл жыл сайын атмосфераға 5,6 миллион тонна көмірқышқыл газының бөлінуіне себеп болып отыр.  

Тек Германияның өзінде онлайн-сауда саласында жыл сайын 20 миллионға жуық қайтарылған тауар утилизацияланады. Мұның барлығы қоршаған орта мен климатқа айтарлықтай зиян келтіріп отыр.

Осыған байланысты Еурокомиссия компанияларды тауар қорын тиімді басқаруға, қайтарылған өнімдерді дұрыс өңдеуге және балама шешімдерді қарастыруға ынталандырмақ. Атап айтқанда киімдерді қайта сату, қайта өңдеу немесе мұқтаж жандарға қайырымдылық ретінде беру ұсынылады.