Еуроодақ Қазақстанның халықаралық конвенцияларды орындауға деген талпынысын құптайды

Еуропалық Одақ Өзбекстан азаматы Латфулло Шамсутдиновтың отбасымен бірге БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі бас комиссары басқармасының қорғауына алынғанына қанағаттанғандық білдіреді.

Еуропалық Одақтың бұл мәлімдемесіне Болгария, Румыния, Түркия, Хорватия, Албания, Македония, Сербия және Черногория, сондай-ақ, Украина мен Молдова біріккен.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, өзбекстандық құқық қорғаушы 5-шілдеде Алматыда ұсталған. Онымен бірге отбасының мүшелері де, әйелі мен төрт баласы ұсталды.
Л.Шамсутдинов Әндіжандағы оқиғаларға тәуелсіз зерттеу жүргізіп жүрген. Алайда ол Өзбекстандағы билік тарапынан құқық қорғаушылар мен журналистерге қысым көрсетіле бастаған кезде өз отанынан қашып шығуға мәжбүр болды. Артынан Қазақстан жағы Өзбекстан азаматын БҰҰ-ның босқандар істері жөніндегі бас комиссары басқармасының қорғауына өткеріп беруге шешім қабылдады.