Еуроодақ қуат көздерін Еуропаға тасымалдау мәселесінде Әзербайжан мен Түркіменстанның ынтымақтастықта болғанын қалайды

"Қуат көздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінде біз тек Әзербайжан мен Еуроодақ арасында ғана емес, Әзербайжан мен Түркіменстанның арасында да ынтымақтастық болғанын қалаймыз", - деді Д. Рупель.

Ол сондай-ақ, Еуроодақ өзінің энергоресурстарды тасымалдау көздерін барынша диверсификациялауға тырысатынын және ол үшін Ресеймен және ішінде Әзербайжан да бар өзге елдермен келіссөздер жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Ол осы тұрғыдан алып қарағанда, Еуропа үшін де, Әзербайжан үшін де NABUCCO жобасы айрықша маңызға ие екендігін жеткізді.

Д. Рупель Еуроодақ пен Әзербайжан арасындағы өзара қатынастар деңгейімен қанағаттанатынын білдіріп, Әзербайжан сыртқы істер министрі Эльмар Мамадияровпен кездесу барысында Еуропалық көршілік саясаты аясында жүзеге асырылатын жаңа жобалар талқыланғанын атап көрсетті.

Э. Мамадияров өз кезегінде Әзербайжан Баку - Тбилиси - Жейхан мұнай құбыры мен Баку - Тбилиси - Эрзурум газ құбырын салу жөніндегі энергетикалық жобаларды табысты жүзеге асырғанын және қуат көздерін Еуропаға тасымалдау мәселесі бойынша Орта Азия елдерімен ынтымақтасуға дайын екенін хабарлады.

"Егер Орта Азия елдері бізде салынған инфрақұрылымды пайдалануға ниет білдірсе, біз мұндай ынтымақтастыққа дайынбыз", - деді ол.