Еуропа лигасы: «Ақтөбе» футбол командасы өз алаңында владикавказдық «Аланиядан» жеңілді

Тартысты өткен ойынның негізгі және қосымша уақытында екі команда есеп аша алмады. Ойын тағдырын пенальти сериясы шешті. Еуропа лигасының үшінші квалификациялық раундында, пенальти кезінде ақтөбеліктер 2:4 есебімен қарсыластарына есе жіберді.

Айта кетейік, 21 шілде күні Еуропа лигасы аясында «Ақтөбе» футболшылары өз алаңында венгриялық «Кечкемет» командасын қабылдап, тең ойнаған болатын. Еуропа лигасының екінші кезеңіндегі қарсыластары болып табылатын «Кечкеметпен» жерлестеріміз Венгрияда өткен бірінші матчта 1:1 есебімен тең түскен еді. Осылайша үшінші кезеңге жолдама алған ақтөбеліктер осыдан бір апта бұрын сырт алаңда 1995 жылғы Ресей чемпионы, 1992, 1996 жылдарда Ресей чемпионатының күміс жүлдегері болған «Алания» командасымен тең ойнаған болатын. Дегенмен, бұл жолы өз алаңында осы команданы қабылдаған ақтөбеліктер жанкүйерлер сенімінен шыға алмады.