Еуропа ұшақтарда ұялы телефон пайдалануға рұқсат етті

EASA мұндай электронды құрылғылардың әуедегі қауіпсіздікке қатер төндірмейтінін мойындады. Қазіргі тәртіп бойынша жолаушылар ұшақ әуеге көтерілер алдында ұялы телефондарын өшіруге міндетті.

Дегенмен, электронды құрылғылардың ұшуға қаншалықты кедергі келтіруі мүмкіндігін әр компания өз бетінше бағалайды және аталған сигналдардың әуе кемесіндегі навигациялық жүйелерге кедергі келтірмейтініне көз жеткізіп алуы тиіс.

Сондықтан бұл жаңалық барлық компанияда бірден енгізілмеуі де ғажап емес.

Жалпы, жолаушылардың арасында ұшақ бортында ұялы телефон, ноутбук сынды электронды құрылғыларды пайдалануға қарсылары да баршылық. Сол себепті әуе компаниялары ондай адамдардың да пікірімен санаса отырып, шешім қабылдауы тиіс. Мәселен, British Airways әуе компаниясының Лондон - Нью-Йорк рейсінде мұндай қондырғыларды бизнес-класта ғана пайдалануға болады. Рейстің жолаушыларына телефон мен Уай-файды пайдалануға, смс жолдауға рұқсат етілген. Бірақ, телефон қоңырауларына тыйым салынады.