Еуропада қыдырып жүрген Айқын Төлепберген ақшасыз және құжатсыз қалды

Әншінің айтуынша, ол қаланы аралау үшін бірнеше күнге Барселонада қалғаны үшін бармағын тістеген. Себебі әккі ұрылар әншінің сөмкесін ұрлап кеткен. Оның ішінде құжаттары мен ақшасы болған көрінеді.

«Біздің сөмкемізді ұрлап кетті. Круизден кейін Барселонада бірер күн қалып, қаланы араламақ болып едік. Бұл біздің ең үлкен қателігіміз болды. Себебі мұнда ұрлық өте қатты дамыған. Полиция бөлімшесінде сөмкесін, ақшасын, әмиянын, кілтін, тағы басқа заттарын жоғалтқандар өте көп. Біздің сөмкемізді қай жерде ұрлап үлгергенін де білмейміз. Әйтеуір бір қарасақ жоқ болып шықты. … Сөмкеде құжаттар, ақша, көліктің кілті, ұялы телефон және басқа да заттар болған», – дейді Айқын Instagram-парақшасындағы видеода.

Өз кезегінде әнші құжаттарын қалпына келтіруге көмектескені үшін Қазақстан елшілігіне алғыс білдірді.

«Полицияға жүгіндік. Қазақстанның елшілігіне, елші Қанат ағаға алғыс білдіреміз. Ол біздің құжаттарымызды жылдам қалпына келтуірге көмектесті», – дейді әнші.

Сондай-ақ, әнші отандастарына Еуропаға саяхаттағанда ескеретін дүниелер туралы кеңес берді.


«Жылына елуден астам қазақстандықты тек Барселонаның ішінде ғана тонап кетеді екен. Ұрлық Еуропада шарықтап тұр. Сондықтан көшеге шыққанда құжаттарды қонақ үйде, сейфте қалдырыңыздар. Суреті жеткілікті. Полиция ұрланған заттарды іздемейді де. Себебі шағымданушылар өте көп. Метро, автобус, көше, тіпті, сауда орталықтарында да (біз сияқты) заттар ұрлануда. Ұрылар сіздерді қастарыңызда аңдып жүреді. Әңгімемен алдап, немесе үстіңізге су шашып, қалтаңызды сыпырып кетуі мүмкін. Әдемі киінген қыз немесе жігіт те болуы мүмкін. Көліктің терезелері күнде шағылуда. Немесе балонын жарып кетіп, резинаны ауыстырып жатқанда да сақ болыңыздар», – дейді Айқын.

Сөз соңында ол Қазақстанға қайтатынын айтты.

Айта кетсек, бірер күн бұрын әншіні Барселонадағы мейрамханадан қуып шыққан еді.