Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ тәуелсіздігі жөніндегі өкілі Қазақстанға келмекші



Хабарламада атап көрсетілгеніндей, М.Харасти Қазақстан журналистерінің конгрессіне "БАҚ туралы" заң жобасына берген бағасын жолдады. Атап айтсақ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілі заң жобасын жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын жолдап, оларға Конгресс пен парламент депутаттары алдағы уақытта заң жобасын талқылау барысында назар аударады дегенге сенім білдірді. "Жаңа заң Қазақстандағы БАҚ-тарға қатысты ахуалды жақсартуға көмектесумен бірге журналистер құқығын мейлінше тиімді қорғауды қамтамасыз етеді",- деді М.Харасти.
Ол сонымен қатар жаңа заңның жобасын талқылауға халық бұқараны жұмылдырудың маңызын ерекше атады. "Біздің мақсат - барлық мүдделі жақтарды қатыстыра отырып, диалог процессінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады. Ол Қазақстандық БАҚ-тарды либерализациялауға және оларда пікір алуандығын қамтамасыз етуге қолғабысын тигізеді",- деді ол.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілі Қазақстанның БАҚ саласындағы заңнамаларын бағалауға кейінгі бірнеше жыл бойы атсалысып келеді және заң жобасының бұған дейінгі нұсқаларына да өз нұсқауларын берген.
Қазақстанға сапары барысында М.Харасти еліміздің ресми өкілдерімен кездесіп, БАҚ-тардың Орталық Азия аймақтық 7-ші конференциясының ашылуына қатысуды межелеген. Конференцияға бүкіл аймақ журналистері жиналады деп күтілуде.

i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті