Еуропалық Одақ Парламенттік Ассамблеясы Қазақстан сенаты депутаттарының сайлауына байқаушы ретінде өз өкілдерін жіберуді көздеп отыр

Қуандық Тұрғанқұлов Ивинский мырзаны Қазақстан Республикасы парламенті сенатының депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқанының барысымен таныстырды. "Сайлау науқаны өзінің шешуші кезеңіне енді: тіркелген кандидаттардың сайлауалды үгіті басталды. Сайлау заң аясында, ашық әрі айқын өтетініне ешқандай күмән жоқ",- деді сайлау комиссиясының төрағасы.

Сондай-ақ, кездесу барысында сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіру және ОСК мен ЕОПА арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы пікір алмасылды.

"Соңғы біржарым жыл ішінде біз ЕҚЫҰ-ның, отандық саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің ұсынымдарын ескере отырып, қолданыстағы сайлау заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды қалыптастыру бойынша үлкен жұмыс атқардық. Қазіргі кезде ұсыныстар пакеті "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеуші болып табылатын Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне тапсырылған", - деп атап өтті Қуандық Тұрғанқұлов.

Қазақстан Республикасының ЕОПА жанындағы байқаушы мәртебесін алу туралы өтінішіне орай Қазақстанның саяси жүйесінің даму мәселелеріне қызығушылық таныта отырып, Тадеуш Ивинский мырза сайлау процесін жетілдіру саласындағы ынтымақтастық пен әріптестікті, өзара тәжірибе алмасуды одан әрі тереңдету қажеттігін баса айтты.

Сондай-ақ, Тадеуш Ивинскийдің айтуынша, ЕОПА алдағы Қазақстан Республикасы парламенті менаты депутаттарының сайлауына байқаушы ретінде өз өкілдерін жіберуді көздеп отыр.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы мен Еуропа Одағы Парламенттік Ассамблеясының арасындағы ынтымақстатықты одан әрі жалғастыруға мүдделілік танытты.