"Атап айтсақ, сайлау заңнамасы жаңартылып, тұтастай алғанда сайлау процессінің ашықтығы жоғары деңгейде қамтамасыз етілген". "Еуропалық Одақ сондай-ақ партиялар мен жергілікті бақылаушыларды тіркеудегі басқа да оңды өзгерістерді қолдайды". Бұл туралы кеше, 10-қазанда Нидерланды Корольдігінің Алматыдағы елшілігі таратқан Еуропалық Одақтың декларациясында айтылған,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.
Еуропалық Одақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросының бақылаушылар миссиясының "Қазақстандағы мәжіліс сайлауы көп жақтарымен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Еуропа Кеңесінің демократиялық сайлау туралы стандарттарына сай келмейді" деген бағасына қосылады. "Сайлау алдында Қазақстандағы билікке хабарланған кейбір проблемалар сайлау алдында және дәл сайлау күні расында да әшкереленді",- делінген құжатта. Осындай проблемалар санатында "электронды дауыс беру жүйесінің ашық енгізілмеуін, бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау алдындағы науқан туралы ақпаратты обьективті таратпауын" атауға болады.
Декларацияда "сайлаушылардың сайлау процессіне деген сеніміне көлеңке түсірген" басқа да бірқатар проблемалар атап көрсетілген. Соның ішінде "Орталық сайлау комиссиясының жұмыс істеуіне, сайлау комиссиясының құрамына, шағым түсіру жүйесіне байланысты және сайлаушыларды тіркеудегі дәлсіздіктер тәрізді қиындықтар" атап өтілген.
Еуропалық Одақ бұған қоса "көптеген сайлау учаскелерінде хаттама алу қиындық тудырғанын" атап өткен. Осыған байланысты Еуропалық Одақ "Қазақстан өкіметін саяси партиялардың көптеген жерлердегі сайлау алдап-арбау әрекеттерінің көмегімен бұрмаланғаны туралы мәлімдемелерін жан-жақты тексеруге" шақырады.
Еуропалық Одақ "Ғалымжан Жақиянов және Болат Әбілов сынды танымал оппозициялық жетекшілердің сайлауға түсе алмауына әлі де алаңдаушылық білдіреді".
Еуропалық Одақ "Қазақстан өкіметін сайлау құрылымын одан әрі жетілдіру бағытындағы қадамдарды одан әрі жалғастыруға және келесі сайлауларды халықаралық стандартттарға толық сәйкестендіруді қамтамасыз етуге шара қолдануға" шақырады. Еуропалық Одақ сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтаса отырып осы бағытта қол ұшын беруге әзірлік танытады.
Декларацияға Еуропалық Одаққа мүше елдермен бірге Болгария, Румыния, Түркия, Хорватия, Албания, Босния және Герцеговина, Македония, Сербия және Черногория, Исландия, Лихтенштейн және Норвегия елдері де біріккен.