Украинаның отбасы, жастар және спорт істері жөніндегі министрі Равиль Сафиуллин атап көрсеткендей, «чемпионатқа 500 күн қалды. Бұл - Украинаның өз стратегиясын нақтылап, әлі атқарылатын қандай жұмыстар қалғанын зерделейтін меже».
Украина министрінің айтуынша, 2010 жыл Украина үшін «екпінді жыл» болды. «Біз кестеден кейін қалып қойдық, дегенмен өткен жылдың жазында атқарылған жұмыстардың барысында біраз ілгері жылжыдық. Біздің еліміз, халқымыз бен жаңа үкіметіміз Еуро-2012 чемпионатының Украинада өту мәселесі нақты шешілу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтын болады», - деді Р.Сафиуллин.
Шенеуніктің айтуынша, 2010 жылы чемпионатты қабылдаушы қалалардың әуежайларында бірнеше терминал іске қосылған. Чемпионат матчтары бойынша Польшамен жеребе өткізілген. «Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жылдың соңына дейін барлық негізгі нысандар пайдалануға беріле бастайды. Олар - 2 стадион, 4 әуежай, ондаған қонақүй. Бірқатар жол жобалары да жүзеге асырылады. Чемпионатты қабылдайтын қалалардың теміржол вокзалдарында да қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі», - деп атап көрсетті Р.Сафиуллин.
Таныстырылымды түйіндеген Украинаның отбасы, жастар және спорт істері жөніндегі министрі екі елдің де чемпионатты лайықты деңгейде өткізетінін мәлім етті. «Баршаңызды Польша мен Украинаға шақырамыз. Сіздерді небір қызықтар күтіп тұр!» - деді украин шенеунігі.