Евгений Тищенко: Василий Левит пен оның жанкүйерлеріне обал болыпты

Рио олимпиадасында бокстан чемпион атанған ресейлік Евгений Тищенко қазақстандық жанкүйерлердің әрекетіне қатысты өз пікірін айтты, деп жазады «Известия» газеті. Біздің жанкүйерлер оның жеңісіне наразылық ретінде ысқырған болатын.

«Мен әдіс-тәсілді барынша қолданып, Василий Левиттің әр шабуылына тойтарыс беріп отырдым. Жеңгеніме қуанамын... Егер Василий Левитке әділетсіздік жасалса, сол қазақстандық боксер мен оның жанкүйерлеріне обал болыпты. Алайда төрешілер маған жеңісті негізсіз бере салмаған шығар» дейді ресейлік боксшы.

Айта кетейік, Евгений Тищенко Рио олимпиадасында елімізден барған боксшы Василий Левитті ақтық сайыста жеңіп, алтын медальды ұтып алды. Ал қазақстандық жанкүйерлер Ресей әнұраны орындалып жатқанда, бұған наразылық ретінде ысқырған. Олимпиадад күміс алған Василий Левиттің өзі болса, оларды бұл әрекетін доғаруға шақырды.