Фарфор жасау өнерін 30 минутта үйренуге болады

Технологиялық тұрғыдан - күрделі, жоғары температуралы ыстық пешті талап ететін фарфор бұйымдарын жасаудың технологиялық үрдісі теориямен түсіндірілді. Ол бірнеше ғасырлар бұрын Қытайдағы фарфордың пайда болу тарихына қысқаша тоқталып өтті. Практикалық сабақта дайын фарфор табағын әшекейлеуді үйретті.

Сабақ өткізбес бұрын ол көрермендерге өзінің көмекшілерімен бірге фарфор бұйымдарының көрмесін ұсынды, онда көздің жауын алатын  фарфор картиналар, вазалар, сервиздер мен тағы басқа тамаша бұйымдар бар.

Айфон жарығымен фарфор шыныаяғының қалай жарқырайтынын көрсетті, екі кесені бір-біріне тигізгендегі нағыз фарфордың таза үнін тыңдатты.

Шебердің айтуынша, фарфор өнері Қытайға жазу-сызу болмаған кезде пайда болған, фарфор өнері ең көне бес қолөнердің біріне жатады. «Фарформен біз мәдениетімізді көрсетеміз, ертеде қытай императорлары фарфор арқылы ақпарат алмасқан, шежіре қалыптастырған», - деді шебер.

«Сіздер бізге қытайлық десеңіздер, халықаралық деңгейде бізді «China» деп атайды, оның мағынасы - фарфор дегенді білдіреді. Қытайлық фарфор қай кезде болса да жоғары бағаланды, одан жасалған бұйымдар тіпті хрустальдан да қымбат. Белгілі бір техниканы меңгерген шебер балшықтан нәзік, әдемі бұйым жасап шығарады. Әрине, 6-7 ғасырларда фарфор дайындауға аса мән берілмесе, біртіндеп ол ерекше өнерге айналды».

Жун Жынхуа балшықтан табақ жасау үшін алдымен оны күйдіріп, әшекейлеп, сосын қайтадан күйдіру қажет екенін айтады. «Оны 30 минутта үйренуге болады, ал қалғаны шебердің қиялына байланысты. Бұл өнер ерекше шеберлікті, шыдамдылықты, ықтияттықты қажет етеді», - деді шебер құпиясымен бөлісіп.


Жун Жынхуа ассистенті ақ балшықтан жасалған құмыраның қалай жасалғанын көрсетіп жатқанда,  шебер арнайы бояулармен, қылқаламмен   санаулы секундта ақ тәрелкені бірден көз тартар қытайлық пейзажға айналдырды.

Кейіннен, ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беру барысында шебер Жун Жынхуа бәсекелестіктен қашпайтынын мәлімдеді, керісінше ғаламтор бойынша шеберлік сыныбын өткізуге  әзір екендігін жеткізді.

Оның жасы 36-да, фарфор қолөнерімен 20 жылдан артық уақыт айналысып келеді. Оған бұл өнерді туысқан ағасы үйреткен екен. Одан кейін ол 5 жыл фарфор өнер мектебінде дәріс алған. Ол отаны Шәуешекте тамаша туындыларын жинақтап, басқаларды осы өнерге баулып, оқытып жүргенін айтты.

 Қолында тұмары бар шебер Будда фарфор өнерін ұштай түсуге  жәрдемдеседі деп санайды.