Фармөндіріс әлсіреп, білікті мамандар кетіп жатыр: Дәрігерлер қорғансыз елде не күтуге болады?

Ақ халатты абзал жандарға жасалатын қатігездіктің орын алып жатқаны аздай, еңбегі еленбеген білікті дәрігерлер мен басқа да мамандар елден кетіп жатыр. Бұл медицина және білім саласындағы дағдарыстың көрінісі ме? Фармөндіріс неге тұралап қалды? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Адам өмірін құтқарып жүрген ақ халатты жандарға жасалатын шабуылдар, фармацевтикалық өндірістегі кедергілер және білім беру саласындағы кадр тапшылығы елдің алдында күрделі сынақтарға айналып отыр. Дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне жасалған бірнеше резонансты шабуылдан соң қоғам дабыл қаға бастады. Мұндай жағдайлар мемлекеттің араласуын талап етеді. Мәжіліс бірінші оқылымда медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтетін заң жобасын мақұлдады. Заң қабылданса, медицина қызметкерлері мемлекеттік деңгейде қорғалатын болады. Жаза ірі айыппұлдан бастап, өмірге қауіпті жарақат немесе ауырлататын жағдайларда 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді. 

Медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдар мен агрессияның салдарын талқылау барысында депутат министрлікке орынды сұрақ қойды. 

«Қазіргі таңда медиктерге, фельдшерлерге, жедел жәрдем жүргізушілеріне қарсы қатыгездік пен агрессия өте көп. Бұл дәрігерлердің кәсіби мотивациясын төмендетеді. Мен  статистиканы білгім келеді. Дәл қазір салада қанша адам қалды?», - деп сұрады Ирина Смирнова. 

Оның сұрағына жауап берген бірінші вице-министр Тимур Сұлтанғазиев: 

«Бүгінгі таңда елімізде шамамен 4000 дәрігер және 5000 орта буын медицина қызметкері бар. Бұл көрсеткіштер денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жағдайын, сондай-ақ шетелдік тәжірибелерді ескере отырып қалыптасқан», - деп жауап берді ол. 

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, соңғы бес жылда 280 шабуыл тіркелген, сондай-ақ 2500 медицина қызметкері шетелге кеткен. 

Мысалы, костанайлық хирург-уролог Антон Кистановқа жасалған шабуыл елдің назарын аударған оқиғалардың бірі болды. Пациент дәрігерді қабылдау кезінде ұрып, ол бас сүйек жарақатымен жан сақтау бөліміне түсті. Сот кінәлі адамды алты айға бас бостандығынан айырды, және ол жазасын минималды қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Іс жүзінде ол көп ұзамай бостандыққа шықты. 

Соққыға жығылан дәрігер жазаның тым жеңіл екеніне наразылық білдіріп, видоүндеу жолдады. 

«Дәрігерлерді, мұғалімдерді, жүргізушілерді ұрып, екі айда бостандыққа шығуға болады. Ал мен әлі күнге дейін емделіп жүрмін, қашан жұмысқа оралатыным белгісіз», - деді Антон Кистанов. 

Кейін Мемлекет басшысының араласуына тура келді. 

«Медиктер қорғалуы тиіс. Мемлекет олардың қауіпсіздігі мен әділдігін қамтамасыз етуге міндетті», - деп нақты мәлімдеді.

Фармөндіріс тұралап қалды

Қазақстан фармацевтикалық өндірістің қиындыққа тап болғанын сезіп отыр. Депутат Магеррам Магеррамов атап өткендей, басты кедергілерге аккредиттелген зертханалардың жоқтығы, бітпейтін сертификаттау процедуралары және сатып алудағы теңсіздік жатады. 

«Министрлік техникалық сынақ актілерін талап етеді, бірақ оларды елімізде өткізу мүмкін емес. Ең жақын зертхана Ресейде. Бұл әр өнімге қосымша 7-8 миллион теңге шығын әкеледі, өнім нарыққа шықпай жатып қымбаттап, импорттық баламалармен бәсекеге түсе алмай қалады», - деді Магеррамов. 

Нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда медициналық бұйымдар өндірісі 85%-ға құлдыраған. Депутаттар тең жағдай жасау, жұмыс топтарын іске қосу және уақытша зауыттан тікелей техникалық акт қабылдау тетіктерін енгізуді ұсынады.

Білім беру жүйесі де трансформациядан өтіп жатыр

Президент колледждерді өндіріс пен теорияны үйлестірген заманауи құзыреттер орталықтарына айналдыруды басты мақсат етіп қойды. 100 000 студент ел бойынша 18 000 кәсіпорында тәжірибеден өтсе, 4000 компания колледждерге шефтік қамқорлық жасайды. 60 қазақстандық колледж 30 елмен әріптестік орнатқан және алғашқы АЭС үшін кадрлық база даярлау басталды. 

Дегенмен, реформалардың тиімділігіне депутаттар алаңдап отыр. Депутат Ирина Смирнова атап өтті: 

«Колледждерді лигаларға бөлу кадрлардың көшуіне және өңірлердің әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Ауылдық және өңірлік колледждердің оқытушылары «жоғары» лигаларға кетуі ықтимал, әлсіз колледждер кадрдан айырылып, жұмысын тоқтатуы мүмкін», - деді ол. 

Депутат Ислам Сұнқар колледж оқытушыларының жалақы мен жүктемесі арасындағы сәйкессіздік мәселесіне назар аударды: 

«Адам оқиды, еңбек етеді, магистр немесе PhD алады, бірақ ол үшін ештеңе берілмейді. Бұл әділетсіз», - деп наразылық білдірді. 

Мәселен, мектеп мұғалімі жылына 544 сағат жұмыс істесе, колледж оқытушысы 720 сағат жұмыс істейді, бірақ жалақы төмен. Жоғары білімі бар, 10 жылдық тәжірибесі бар арнайы пән оқытушысы шамамен 200 000 теңге алады. Мектеп пен ЖОО-ларда магистр мен PhD дәрежесіне арналған үстемақылар бар, ал колледждерде жоқ. Фракция жалақы жүйесін қайта қарауды және ынталандыру төлемдерін енгізуді ұсынады.

Қазақстан қазір медициналық қызметкерлерді қорғау, отандық фармацевтикалық өндірісті қолдау және білім беру саласында кадрлық дағдарысты шешу сияқты үш маңызды мәселемен бетпе-бет тұр. Елдің тұрақтылығы мен дамуы осы салалардағы дұрыс шешімдерге тікелей байланысты.