ФИФА рейтингі: Қазақстан құрамасы 137-інші орынға сырғыды

Қазақстан Футбол федерациясының мәліметінше, «Еуро-2012» чемпионатының іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасымен бірге «А» тобында сынға түсіп жатқан Германия құрамасы рейтинг бойынша 4-ші, Түркия 29-шы, Австрия 49-шы, Бельгия 62-ші, ал Әзірбайжан 91-ші орындарда тұр.

Айта кетейік, ФИФА-ның бұл рейтингі жарияланғанға дейін Қазақстан құрамасы «Еуро-2012» чемпионатының іріктеу турнирі аясында төрт матч өткізіп, соның барлығында жеңіліп қалды. Біздің команда өз алаңында Түркияға 0:3, Бельгияға 0:2, Германияға 0:3 есебімен есе жіберсе, сырт алаңда Австриядан 0:2 есебімен жеңілді. Осыдан кейін ҚФФ Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы неміс маманы Бернд Шторкпен келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатты. Айта кетейік, бапкермен келісімшарт ағымдағы жылдың соңына дейін жасалған болатын. Ал арадағы уағдаластық бойынша біздің команда төрт ойыннан кем дегенде 3 ұпай жинауы керек еді.

ФИФА-ның жаңа рейтингі бойынша үздік ондыққа мына командалар кірді: 1. Испания, 2. Голландия, 3. Бразилия, 4. Германия, 5 Аргентина. 6. Англия, 7. Уругвай, 8. Португалия, 9. Хорватия, 10. Ресей. Кезекті рейтинг 2010 жылғы қарашаның 17-сінде жарияланады.