Бұл туралы ФҚҚ-нің Қырым Республикасы бойынша шекара басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. 2002 жылы «Норд-Ост» мюзиклі кезінде кепілдерді басып алуға қатысқан лаңкес қолға түсті, ол осы кезге дейін құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген», - деп атап өтілген ведомствоның баспасөз баянында.
ФҚҚ Қырым Республикасы бойынша басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, лаңкес 2014 жылғы тамызда ұсталған. Ал желтоқсанның ортасында Қырымда Дубровкадағы лаңкестік актісіне қатысуға күдіктілердің бірі - Хасан Закаев ұсталды, ол Украинаға жалған құжаттармен өтпек болған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол Мәскеуге қару және «шаһид белдігін» жеткізуге жауапты болған.
Сонымен бірге, Закаев тағы екі лаңкестік актіге қатысуға айыпталуда. Оның бірінде Мәскеудегі McDonald's мейрамханасының жанында бомба жарылған, ал екінші оқиғада содырлардың өздері Чайковский атындағы концерт залының қасынан жарылғыш құрылғыны алған.
2002 жылғы 23 қазанда Мовсар Бараев бастаған лаңкестер «Норд-Ост» мюзиклі жүріп жатқан кезде 912 адамды басып алған. Содырлар Театр орталығы ғимаратын үш күн бойы ұстап тұрған. 26 қазанда ФҚҚ арнайы қызметінің сарбаздары лаңкестерді тұншықтыратын газ қолданып, шабуылмен басып кірді. Содырлар жарылғыш құрылғыны іске қосуға үлгере алмай қалды, алайда арнайы операция кезінде 130 адам қазаға ұшырады, олардың көпшілігі газды қолдану салдарынан көз жұмған.