Бұл туралы президент Франсуа Олланд мәлімдеп, елде экономикалық төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Associated Press. Мемлекет басшысы жұмыссыздықпен күресу үшін бюджеттен жуық арада 2 млрд еуро бөлінетінін мәлімдеді.
Париждегі кәсіпорындардың бірінің жұмысшыларымен кездескен ол, «Франция өткен жолы террористік қауіпке байланысты төтенше жағдай жариялаған болса, енді қазір әлемдегі алмағайып экономикалық ахуалға байланысты экономикалық төтенше жағдай жариялау қажеттігінің туындағанын» айтты. Себебі жұмыссыздық ел қауіпсіздігінен кейінгі екінші басты мәселеге айналған.
«Сондай-ақ қарыштап дамыған технологиялар мен заманның өзгеруі Франция экономикасы мен әлеуметтік желісін түбегейлі қайта қарастыруды талап етуде», - деп атап өтті президент.
Осыған байланысты жұмыссыздарды кәсіби тұрғыдан қайта даярлау үшін 1 млрд еуро бөлінетін болады. Президент жұмыс берушілер үшін міндетті әлеуметтік төлемдер мөлшерін төмендетуге уәде берді.
Айта кету керек, 2016 жыл – Франсуа Олландтың президент қызметін атқаруының ең соңғы жылы. Ол президент болып сайланар кезде Франциядағы жұмыссыздықты жеңуге уәде берген еді. Бірақ, Олланд бұл мақсатына осы кезге дейін қол жеткізе алмай келеді.