Форумның ашылуында сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек министрлікті дамытудың негізгі басымдықтарын атап өтті, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
«Біз қазақстандық университеттерде ғылымды дамытуға басымдық береміз. Сонымен бірге Орталық Азияда білім-ғылым хабы болуды жоспарлап отырмыз», - деді министр.
Форумды өткізу Мемлекет басшысының елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу қажеттілігі туралы тапсырмасына байланысты өзекті болып табылады. Іс-шара аясында қатысушылар Қазақстанда Францияның техникалық жоғары оқу орнының филиалын ашу, бірлескен білім беру және қос дипломды бағдарламаларды жүзеге асыру, «500 ғалым» бағдарламасын іске асыру және т. б. мүмкіндіктерді талқылады.
Форум жұмысына 13 қазақстандық университет, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, сондай-ақ Францияның 25-тен астам жоғары оқу орны қатысты.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Франция университеттері арасындағы ынтымақтастықты жандандыру және желілік байланысты күшейту мақсатында отандық жоғары оқу орындарының көрмесі ұйымдастырылды.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасының жоғары оқу орындары, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасында француз серіктестерімен өзара түсіністік туралы 14 меморандумға қол қойылды.