Ержан Ашықбаевтың айтуынша, "алдағы сапар Қазақстан мен Францияның қатынастар тарихындағы француз үкімет басшысының біздің елімізге алғаш келуі болмақ". Ол сапар "ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың 25-қыркүйегіндегі БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында өз әріптесі Николя Саркозимен Нью-Йоркте кездесуі барысында қол жеткізілген келісімге сәйкес ұйымдастырылып отыр",- деп атап өтті.
Франция премьері сапары аясында ҚР президентімен және Қазақстан үкіметінің басшысымен кездеседі деп күтілуде. Бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылып, Франция Республикасының Астанадағы елшілігінің ашылу салтанаты мен Францияның республикалық гвардиясының концерті өтеді деп жоспарланған.
Сонымен қатар, СІМ өкілінің хабарлауынша, француз үкіметінің басшысы ҚР президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушы- профессорлары құрамының алдында дәріс оқиды. "Францияның саяси ортасы Қазақстандағы демократияландыру процессіне, біздің мемлекетіміздің дамуының эволюциялық сипатына және еуропалық институттармен араласуға бағытталған қадамына түсіністікпен қарайды",- деп атап көрсетті Е. Ашықбаев.
"Франция Қазақстан үшін маңыздылығы бойынша бесінші сауда серіктесі болып табылады. Франция президенті Қазақстанның елбасымен Нью-Йорктегі кездесуі кезінде өзара тауар айналымын екі есеге өсіру мүмкіндігінің бар екендігін атап көрсеткен болатын",- деп еске сала кетті Е. Ашықбаев.
2007 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Франция арасындағы сауда көлемі 4 млрд АҚШ долларынан асып түскен. Өткен жылдың 30-қарашасындағы жағдаймен Қазақстанның экономикасына салған француз инвестициясы 3,7 млрд АҚШ долларына жеткен.