Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, кеше біздің команда сырт алаңда өткен қарымта матчта Грузияның «Олимпи» (Рустави) командасымен 1:1 есебімен тең ойнады. Ал, бұдан бір апты бұрын өз алаңында болған ойында ақтөбеліктер қарсыластарынан 2:0 есебімен басым түскен болатын. Осылайша екі матчтың қорытындысы бойынша «Ақтөбе» «Олимпиден» басым түсіп, чемпиондар лигасының келесі іріктеу кезеңіне өтті. Енді үшінші іріктеу кезеңінде «Ақтөбе» Израильдің «Хапоэль» және Босния мен Герцоговинаның «Железничар» клубтарының қайсы жеңгенімен ойнайтын болады.
Айта кетейік, 2009/2010 жылғы маусымда «Ақтөбе» чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі жарысын үшінші айналымда аяқтаған болатын. Бұл айналымда жерлестеріміз қос матчтың нәтижесі бойынша Израильдің «Маккаби» (Хайфе) клубына есе жіберген еді.