«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, ойын П.Атоян атындағы стадионда өтеді. Йозеф Шкрлик бастаған мамандар жаттықтыратын оралдықтар бұл матчқа барынша дайындалуда. Осы мақсатта бапкерлер шешімімен 27 маусым күні Шымкентте Қазақстан кубогі үшін жергілікті «Ордабасымен» өткен ойынға «Ақжайықтың» қосалқы құрамы барып келді.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Мирослав Беранек тізгінін ұстаған «Астана» құрамында ел намысын қорғап жүрген Қайрат Нұрдәулетов, Ұлан Қонысбаев, Таңат Нөсербаев, Сергей Гридин, Сергей Остапенко сынды ойыншылар өнер көрсетеді.
Турнир кестесінде «Ақжайық» үшінші, «Астана» сегізінші орында келеді. Бірінші айналымда оралдықтар елордада өткен ойында 1:2 есебімен есе жіберген болатын.