П.Атоян атындағы стадионда жаңбыр астындағы ойын аса тартысты өтті. Осыған дейін бірнеше ойында есе жіберген қонақтар бұл матчқа жеңіс үшін келгендігін көрсетіп, 21-минутта есеп ашты. Оң қанаттан берілген допты «Ордабасының» қорғаушысы Ғафуржан Сүйімбаев қақпаға дәл түсірді. 26-минутта екінші ескерту алған биылғы екінші айналымда Қаскелеңнің «Сұңқарынан» келген жартылай қорғаушы Тимур Халмұратов алаңнан қуылғаннан кейін «Ақжайықтың» басына үйірілген бұлт қоюлана түскендей болды. Дегенмен бір ойыншысы кемдігіне қарамастан, алаң иелері алға ұмтылып бақты. Үзілістен кейін 65-минутта «Ақжайықтың» қорғаушысы, чехиялық легионер Якуб Хлебоун бұрыштамадан камерундық «қара бала» Саджо Хаман берген допты баспен әдемі соға білді. Бұл - Я.Хлебоунның биылғы маусымдағы бесінші добы. Ол бұған дейін «Тараз» бен «Жетісудің» қақпасын екі мәрте дәл көздеген еді.
Ойын соңындағы баспасөз мәслихатында «Ордабасының» бас бапкері Виктор Пасулько «Ақжайықтың» ойынын жақсы бағалады. Алаң иелерін баптайтын словакиялық маман Йозеф Шкрлик те өз шәкірттерінің қайсарлығын атап көрсетті.
Бұрынғысынша сегізінші орында келе жатқан «Ақжайық» алдағы кездесуін 15 қыркүйекте өз алаңында өткен жылғы ел чемпионы, биыл да одан басты үміткерлердің бірі Қарағандының «Шахтерімен» өткізеді.