Футбол: Ел чемпионатының 15-ші турынан кейін көш басындағы командалардың ұпай саны теңесті

Бұған дейін тізгінді ешкімге бермей келген Қостанайдың «Тобылы» бұл турда Талдықорғанның «Жетісу» командасын қабылдап, 0:1 есебімен жеңіліп қалды, сөйтіп аса маңызды үш ұпайдан айырылды. Қостанайлықтардың бұл олқылығын Павлодардың «Ертіс» командасы ұтымды пайдаланды, олар өз алаңында Көкшетаудың «Оқжетпес» клубын 1:0 есебімен жеңді. Осылайша 15-ші турдан кейін 29 ұпайдан жинаған «Тобыл» мен «Ертіс» турнир кестесінде өзара 1-ші және 2-ші орындарды бөлісіп тұр. Бұл турда Қарағандының «Шахтер» командасы көш бастайтын мүмкіндікті мүлт жіберіп алды, олар Шымкенттің «Ордабасын» қабылдап, 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Сөйтіп бұрынғы 27 ұпайымен 3-ші орында. 15-ші турда «Ақтөбе» сәтті ойнап, көш басындағы командаларға бір табан жақындай түсті. Былтырғы маусымдағы ел чемпионы Оралдың «Ақжайығын» 4:1 есебімен жеңіп, 25 ұпаймен 4-ші орынға көтерілді. Бұл турдағы қалған матчтардың нәтижелері мынадай: «Атырау»-«Локоматив» 2:1, «Тараз»-«Қайрат» 2:1.