Футбол: Оман құрамасымен өтетін жолдастық кездесуге дайындығымыз ойдағыдай - Бернд Шторк

Қазір еліміздің футболшылары оқу-жаттығу жиындарын Алматы облысының Талғар ауданындағы базада өткізіп жатыр. Бұдан бұрын белгілі болғандай, ұлттық құрамамыз Эквадор командасымен ойын өткізуі керек болатын. Бірақ бұл елдің аяқдопшылары әлеуметтік жағдайларына байланысты кездесуден бас тартты. Осыдан соң еліміздің Футбол федерациясы жолдастық кездесу өткізуге Оман құрамасына ұсыныс жасаған болатын.

«Жолдастық кездесуге дайындық жұмыстарын ойдағыдай жүргізудеміз. Ол үшін мұнда барлық жағдай жасалған. «Ақтөбе» командасының соңғы ойындағы жеңілісінен кейін кейбір құрама мүшелері әлі толық бабына келе алмады. Дегенмен, Оманман болатын ойында жақсы өнер көрсетуге тырысамыз», деді ұлттық құраманың бас бапкері Бернд Шторк.

Оман құрамасы әлем біріншілігінің іріктеу турларында ұпай саны бойынша Австралия командасынан кейін қалып, финалдық кезеңге шыға алмаған еді. Ал жақында болған Бразилиямен ойында 0:2 есебімен ұтылса, өз алаңындағы соңғы ойында 0:1 есебімен шведтерге жол берген болатын.