Футбол: Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында көш басындағы «Тобылды» ұтты

«Ақжайық» бұл кездесуді биылғы маусымда алғаш рет П.Атоян атындағы стадионда өткізді. Ол «Ақжайық» футбол клубының стадионына қарағанда, әлдеқайда кең, көрермендер үшін де қолайлы, қыстырылып-қымтырылмайды. Күннің аса ыстықтығы болмаса, ойынға басқалай кедергі болған жоқ.

Матч алма-кезек шабуылмен басталды. Әсіресе, қостанайлықтар құрамындағы чемпионаттың сұрмергені Бауыржан Жолшиев «Ақжайықтың» қақпашысы Антон Циринмен бетпе-бет шығып, тамаша мүмкіндікті пайдалана алмады. Екіншісінде доп қақпаның жақтауына тиіп, кері қайтты. 21-минутта «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Сергей Костюк Б.Жолшиевтің «жолын қумай», мергендік танытты.

Бірінші таймның соңында алаң иелері алға шықты. Алдымен 41-минутта Саджо Хаман Игорь Зеньковичтің пасын пайдаланып, есепті теңестірді. 44-минутта төреші белгілеген 11 метрлік айып добын И.Зенькович дәл орындады. Сөйтіп ол биылғы маусымда соққан голының санын 6-ға жеткізіп, мергендер сапында келеді.

Екінші тайм қостанайлықтардың басымдылығымен өтті. Доп бірде қақпадан қиыс кетіп жатса, келесі сәттерде Антон Цирин бастаған қорғаныс шебі қонақтардың шабуылын тойтара білді. Жалпы, «Ақжайықтың» жеңісінде Қазақстан құрамасының қақпасын қорғап үлгерген А.Цириннің үлесі мол деуге болады. Оралдықтар құрамында командаға жаңа келген чехиялық шабуылшы Павел Черни бірінші рет алаңға шықты. Басқалай өзгеріс жоқ.

Сөйтіп бұл ойында жеңіске деген ұмтылысын таныта білген «Ақжайық» Орал футболының түлегі Нұрбол Жұмасқалиев бастаған «Тобылды» 2:1 есебімен тізе бүктірді. Бұған дейін қатарынан төрт рет жеңіліс тапқан оралдықтар осы турдан кейін 22 ұпаймен 3-6 орындарды бөлісіп тұр.

Бірінші айналымның соңғы турында күтпеген жағдайлар аз болған жоқ. «Тобылдың» сүрінгені өз алдына, ел чемпионы «Шахтер» Қызылордада «Қайсардан» 0:1 есебімен ұтылса, осыған дейін үшінші орында келе жатқан «Тараз» өз алаңында дәл осындай есеппен «Атыраудан» жеңіліп қалды. Екінші айналымның алғашқы ойынын «Ақжайық» 24 маусымда Атырауда тап осы командамен өткізеді.