Футбол: Қазақстанның жастар құрамасы украиналық құрдастарына ұтылып қалды

Жерлестеріміздің тарапынан матчтың 43-ші минутында Лисенков доп салды. Ал, қарсыластарымыз болса біздің қақпаға төрт допты ойынның 35, 57, 82 және 90-шы минуттарында соққан.

Айта кетейік, футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстанның жастар құрамасы 2009/2010 жылғы маусымда 2011 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы жарысын аяқтады. Біздің команда, іріктеу турнирі барысында Израиль, Швеция, Болгария және Черногория құрамаларымен бірге 6-шы топта өнер көрсетті. Топтық кездесудегі сегіз ойынның екеуінде тең түсіп, біреуінде жеңіске жетіп, бесеуінде жеңіліп қалған жерлестеріміз 5 ұпаймен әзірге өз тобында төртінші орында келеді және тиісінше, олар плей-офф кезеңіне шыға алмады. Әзірге дейтін себебіміз, бұл топтағы жарыс ертең, қыркүйектің 7-сі күні аяқталады. Қазақстан командасынан 1 ұпай қалып келе жатқан және тиісінше, турнир кестесінің соңғы орынында тұрған Болгария құрамасы ертең өз алаңында Швециямен ойнайды. Сол ойынның қорытындысы нәтижесінде біздің құраманың өз тобында нешінші орын алатын белгілі болады.

Іріктеу турниріне барлығы 52 команда қатысуда. Дания чемпионатты ұйымдастыратын ел болғандықтан, бірден финалға жіберілді. Қалған командалар он топқа бөлінді. 2009 жылғы наурыздың 28-де басталған, 2010 жылғы қыркүйектің 7-де аяқталатын іріктеу турнирінде топтардың әрқайсында екі айналымнан тұратын ойындар өтеді. Іріктеу турнирінің қорытындысы бойынша әр топтың жеңімпазы және нәтижелері үздік екінші орын алған төрт команда плей-оффқа өтіп, жеті жұпты құрады. Бұл кезеңде сәтті ойнаған жеті жұптың жеңімпаздары Даниядағы финалдық турнирге жолдама алады.