Футбол: «Шахтер» мен «Локомотив» Қазақстан кубогінің ақтық сынына шықты

Бұдан бұрын, 19 қазандағы алғашқы ойындарда «Шахтер» өз алаңында «Ордабасына» 0:1 есебімен жол берсе, «Локомотив» қарсыласын бірінші ойында да тізе бүктірген болатын.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионда өткен тартысты ойынның 12-минутында серб легионері, қорғаушы Александр Трайкович 11 метрлік айып добын қақпаға сәтті тоғытып, «Ордабасын» алға шығарды. Алайда қонақтар сапынан Андрей Финонченко ойын ортасында есепті теңестірді. Кездесу соңына 2 минут қалғанда Анатолий Богданов «Шахтердің» 2 голын соқты. Сөйтіп, қарағандылықтар екінші рет Қазақстан кубогінің ақтық мәресіне жетті.
«Жетісу» астаналықтардан ұпай алу үшін барын салып, нәтижесінде 2 ойыншысы алаңнан қуылды. Дегенмен, жеңісті оңай олжалаған «Локомотивтің» 2 ойындағы 2 добын соққан молдавиялық легионер Игорь Бугаев болды.
Сонымен, ел кубогінің иегері қарашаның 14 күні «Астана Аренада» анықталмақ. Бұл кездесуде ұтқан команда УЕФА-ның Европа лигасына жолдама алады.