Футбол: соңғы минут кезекті рет «Ақжайықтың» тағдырын шешті

Өкініштісі сол, батысқазақстандықтар тағы да 92-минутта өз қақпасына гол өткізіп алды (бұдан бұрын дәл осындай жағдай Алматыда «Қайратпен» өткен кездесуде орын алған болатын). Ойын тағдырын екінші таймда алаңға шыққан шабуылшы Павел Удалов шешті. «Востоктың» бас бапкері Владимир Фомичев матч барысында шабуыл шебін күшейтумен болды. Оның бұл тактикасы өз жемісін берді. Өз мүмкіндіктерін пайдалана алмаған «Ақжайық» болса, 4 ұпаймен бұрынғысынша көш соңында келеді.

Матч соңында «Ақжайықтың» бас жаттықтырушысы Погос Галстянның атап өткеніндей, батысқазақстандықтар биылғы маусымда осымен үшінші рет соңғы, қосымша минуттарда жинақылық жетіспей, өз қақпасына доп жіберіп алып отыр.

Қаржы қиындығына ұшырап, премьер-лигамен қоштасу қаупі төнген «Ақжайық» алдағы екі ойынын өз алаңында өткізеді. 18 мамырда осы турда Атырауда «Астанадан» 1:2 есебімен ұтылған «Атырауды» қабылдаса, 22 мамырда «Таразбен» күш сынасады.