Футболдан Әлем чемпионатының өзге елде емес, Оңтүстік Африкада өтіп жатуының себебі неде?

Дүбірлі бәсеке осыған дейін бірнеше реттен Солтүстік және Оңтүстік Америка мен Таяу Шығыста өткен. Ал Африкада бірінші рет өтіп отыр. Әлемдік деңгейдегі осындай ірі шараны ұйымдастыру ісіне құрлықтағы Мысыр, Алжир, Марокко сияқты мемлекеттердің ынта-ықылас білдіргеніне қарамастан мамандардың таңдауы Оңтүстік Африка Республикасына тұрақтаған. Себебі бұл мемлекетте чемпионатты өткізуге үміткер өзге мемлекеттерге қарағанда, инфрақұрылым жақсы дамыған және елде жаңа стадиондар салынған. Сондай-ақ мемлекет теңіз жағалауында орналасқан. Оның үстіне аймақтың ауа райы да жақсы, табиғаты да көркем. Ең бастысы мұнда «Жаһан аруы» шарасы жиі ұйымдастырылып тұрады. Яғни мемлекеттің халықаралық деңгейдегі ірі шараларды ұйымдастыру тәжірибесі бар.

Ал қазіргі таңда өтіп жатқан әлем чемпионатына арнап, елде 8 жаңа стадион салыныпты. Олардың барлығы да әсем, әрі тиісті талаптарға сай етіп салынған. ФИФА сарапшылары да аталмыш құрылғыларды жақсы бағалап, футбол турнирлерін өткізуге рұқсаттарын берген. Сонымен қатар сарапшылар ондағы көгалдардың өте әдемі екендігін, осыған қарай Әлем чемпионатына қатысатын спортшылар да жоғары деңгейдегі футбол ойынын көрсететінін атап көрсеткен.