Футболдан премьер-лигадағы ел чемпионатының алғашқы туры жаңалықтарға толы болды

Онда ең ірі есеп Қостанайдың «Тобылы» мен Алматының «Қайраты» арасында (4:0) тіркелді. Екі ойын 1:0, екі ойын 2:0, бір ойын 3:0 және бір ойын 2:3 есебімен аяқталды. Ал чемпионаттың тұңғыш голы «Оқжетпес» пен «Ақжайық» арасындағы кездесуде соғылды. Оны оралдық Игорь Зенькович көкшетаулықтар қақпасына белгіленген 11 метрлік айып добын орындау кезінде енгізді.

Бұл сында өткен жылы ел чемпионы болған Қарағандының «Шахтері» мен күміс жүлдегер атанған Талдықорғанның «Жетісуы» сырт алаңда Павлодардың «Ертіс» пен Қаскелеңнің «Сұңқар» командаларына 0:1 есебімен жеңіліс тапты. Қола жүлдегер атанған «Ақтөбе» Қызылордада «Қайсардан» 0:2 есебімен басым түсті. 2011 жылғы Қазақстан кубогының және 2012 жылғы Қазақстан суперкубогының иегері болған Шымкенттің «Ордабасы» футбол командасы сырт алаңда «Атыраудан» 3:2 есебімен басым түсті. Көкшетаудың «Оқжетпесі» өз алаңында Оралдың «Ақжайығына» 0:3 болып ұтылса, Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Алматының «Қайратын» 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал «астаналықтар» өз алаңында «Таразға» 0:2 есебімен есе жіберді.

Ел чемпионатының 2-туры 18 наурызда өтеді. Онда «Шахтер» мен «Ақтөбе», «Жетісу» мен «Қайсар», «Тараз» бен «Сұңқар», «Ордабасы» мен «Астана», «Ақжайық» пен «Атырау», «Қайрат» пен «Оқжетпес», «Ертіс» пен «Тобыл» кездеседі.