Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 26-ншы тур ойындары аяқталды

Премьер-лиганың бітуіне 7-тур қалғанда турнир кестесінің көшбасшысы «Тобыл» мен оның ізін басушы «Ақтөбенің» арасындағы ұпай айырмасы 7-ге азайды.

Владимир Мұқанов шәкірттері барлық жағдайды түсіне отырып, ендігі кезіккен қарсыластың барлығын ұтуға бет алған секілді. Кеше олар Ақтөбеде азулы команда «Ертіспен» өткен ойында Асылан Дарабаевтың нәтижелі соққысының арқасында 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Равиль Сабитов баптайтын «Тобыл» осы турда өз алаңында «Шахтермен» (Лотов 31 (1:0), Финонченко 88 (1:1)) тең ойнаса да бұдан бұрынғы кездесулерде жинаған 54 ұпайы әзірге ешкімге шаң ілестірер емес. Сонымен қатар, негізгі ойыншылардың барлығы өз бабында, жасыл алаңға шығуға дайын.

Ал команда тірегі - Андрей Финонченконың алаңға қайта оралуымен гол ұруды жалғастырған «Шахтер» жоғалтып алған жағдайын орнына келтіруге талпынуда. Жалпы есепте 39 ұпаймен 6-ншы орынға тұрақтаған қарағандылықтар «Атыраудан» 2 ұпай қалып тұр.

«Ертістің» сырт алаңда «Ақтөбеге» ұтылғанын оңтайлы пайдалана білген «Локомотив» «Атыраумен» (есеп 0:0) тең түсіп, үшінші орынға шықты. Хольгер Фах шәкірттерінің жинаған ұпай саны командаға бұдан әрі көтерілуге мүмкіндік бермейді. Павлодарлық «Ертістің» алдын орағалы тұрған Астаналықтар осы қарқынын жоғалтпаса, биыл қола жүлдеге қол жеткізгелі отыр.

Өз алаңдарында «Таразды» қабылдаған «Жетісулықтар» 2:3 есебімен қонақтарға жол берсе де турнир кестесінде қарсыластарынан 10 ұпай озық тұр.

Турнирдің төменгі бөлігіндегі жағдайды айтсақ, алдымен «Оқжетпестің» негізгі бәсекелесі «Ақжайықты» ұтқаны Көкшетаулық жанкүйер қауымға сенім сыйлады. «Оқжетпестің» алаңында өткен тартысты ойында көкшетаулық қорғаушы Максим Чудинов ойында соғылған жалғыз доптың иесі атанған болатын. Келер жылғы біріншілікті төменгі лигада өткізбес үшін жанталасып жатқан соңғы орындардағы үш ұжымның біреуі ғана өз орнын сақтап қалмақ. Бұл орайда алматылық «Қайраттың» өзге қаржылай және басқа мәселелері жөнге келгенімен, команда ойыны әзірге өрге басар емес. Сондықтан «Қайраттан» бұрын оралдық «Ақжайық» клубының мүмкіндігі молырақ. Андрей Чернышевтың командасының соңғы ойында «Оқжетпеске» есе жібергенімен (есеп 0:1), соңғы үш клубтың алдында тұруы премьер-лигадағы ғұмырын кем дегенде тағы бір жылға ұзартуға жағдай жасайды.

Сонымен, 26-ншы тур қорытындысы бойынша, алдыңғы үштікті «Тобыл»(54 ұпай), «Ақтөбе»(47), «Локомотив»(44) қорытындылап тұр. Онан кейінгі орындарды «Ертіс» (43), «Атырау»(41), «Шахтер»(39) иеленген. Ал «Ордабасы»(39), «Жетісу»(38), «Тараз»(28) командалары сәйкесінше 7-8-9-ншы орындарға тұрақтаған. Жалпы кестедегі аутсайдерлер қатарында биыл «Ақжайық»(20), «Қайрат»(20) және «Оқжетпес»(18) командалары орналасқан.

Соңғы турдан кейінгі есептеу бойынша, сұрменген болып «Тобыл» шабуылшысы Ұлықбек Бақаев 14 голмен топ бастап тұр. Онан кейін Нұрбол Жұмасқалиев еншісінде 12 гол және «Ертіс» шабуылшысы Георгий Даскаловта 10 гол.