Ойын басталысымен тізгінді қолға алған алаң иелері біздің құрама қорғаушыларын тықсыра бастады. Жиі шабуылдар ұйымдастырып, Сидельников қақпасына бірнеше рет қауіпті соққылар жасады. Ең алғашқы қауіпті сәт 10-шы минуттағы шабуылшы Мартин Харниктің жасаған шабуылы болды. Қазақстан құрамасының төрт бірдей қорғаушысын алдап өткен ол Сидельниковпен жекпе-жекке шығып, бірақ діттеген мақсатына жете алмай қалды. Ойынның бірінші кезеңінің соңына дейін біздің қақпашыны мазалаған австриялықтар бірнеше өткір шабуылдар ұйымдастырып үлгерді.
Екінші таймда құрамадағы шабуылшы Остапенконың орнын толтырып жүрген Глеб Мальцевтің орнына Хижниченко шықты. Бір сәтте ол қарсыластардың айып алаңында Нұрболға оңтайлы пас шығарғанмен, Жұмасқалиевтің соққысы қақпадан биік кетті.
Ойынның негізгі уақытында тең аяқталған кездесудің тағдыры соңғы уақыттарда ғана шешілді. 90-шы минутта қарсыластар шабуылшысы Роланд Линц Хоффердің көмегімен біздің екі қорғаушыдан өтіп барып Қазақстан қақпасының кілтін тапты. Тез арада қарымта шабуыл ұйымдастырмақ болған қазақстандықтар ойламаған жерден доптан айырылып қалды. Бұл мүмкіндікті де құр жібермеген шабуылшы Эрвин Хоффер есепті еселеді. Кездесу 2:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Ойынның Бас төрешісі - Марио Страхоня (Хорватия). Зальцбург, «Зальцбург Арена» стадионы.