Футболшы қыз Құндыз: "Ата-ананы тыңдау керек, дегенмен адам өзінің жан қалауын орындауы тиіс"

Жеңіс жолдарын енді бастап келе жатқан ұжымдағы жас спортшыларымыз болашақтан үміт күттіреді. Қазақ қыздарының да футбол ойынына қызығушылығы күннен күнге артып келеді.

Айта кетсек, құрама тұңғыш рет 1995 жылы бас қосты. 2002 жылға дейін Азия футбол Конфедерациясына мүше болып, 2002 жылдан бері УЕФА туы астында сынға түсіп келеді. Әзірше әлем және Еуропа чемпионаттарына және жазғы Олимпиада ойындарына қатыспаған.

Ең жас спортшылардың бірі  Ұлттық құраманың және  «Томирис Тұран» құрамасының қорғаушысы Құндыз Қожахмет спортқа келу тарихы мен Қазақстанда әйелдер футболының жай-күйі мен басқа да сұрақтар төңірегінде Caravan.kz порталының тілшісіне сұхбат берді.

- Құндыз, ең алдымен өзіңіз туралы толық айтып өтсеңіз. Отбасы құрғансыз ба?

- Мен, Қожахмет Құндыз Қайырбекқызы Қызылорда облысы Қазалы ауданында 4-наурызда өмірге келгенмін. Тұрмыс құрған жоқпын әлі.(Күліп)

Отбасымда 7 адамбыз. Әкем, шешем, ағам, әпкем, мен, сіңілім және інім.

- Футболға қанша жасыңыздан бастап қызықтыңыз?

- Футболға кішкентай кезімнен бастап қызыққанмын. Ауылда бесінші сыныптап бастап балалармен көшеде футбол ойнай бастағанмын. Оның үстіне менің ағам футболды жақсы ойнайтын, сол үйретті. Алтыншы сыныбымда болу керек №266 мектеп-лицей атынан мектеп-аралық жарысқа қатыстым, сол кезде біз бірінші орынды алдық. Содан кейін бізді Қазалыда футболға шақырды. Жарысқа барған үлкен қыздардың арасында ең кішкентайы болып мен барған едім. Бәрі маған күлетін еді, кішкентай болып не істеп жүрсің деп. Солай-солай мектеп кезінен көзге түстім.

Қазалыда Берік Тансыбаев деген жаттықтырушым мені жаттықтырды. Содан соң Ақтөбеде ойнадым. 2012 жылдан бастап сол жақта өнер көрсеттім.  2013 жылы  құрамаға шақырту алдым. 2014 ең алғашқы рет Қазақстанның атынан шетелге жарысқа шықтым. Содан кейінгі жылдары көптеген шақыртулар ала бастадым. Толыққанды 2013 жылы келдім деп айтсам болады.

- Ата-анаңыз сіздің бұл спорт түрін таңдауыңызға қарсы болған жоқ па?

- Әрине қарсы болды. Менің отбасымда анам маған қарсы болды. Қыз балаға футболдың не керегі бар деп, ал әкем қарсы болған жоқ. Керісінше қолдады. Бар, көр деп. Ол кезде менде екі таңдау болды футбол және қол добы. Менің ағам таңдау жасауға көмектесті. Футболға бар деп айтты. Мен соны тыңдадым. Қазір Аллаға шүкір көптеген жетістіктерге жету үстіндемін. Үмітім әлі зор.

- Әйелдер арасындағы футболдан ең мықты бәсекелестеріңіз бар ма?

- Иә, бар ғой. Жалпы бәсекелестік бар жерде сапа бар деп жатамыз ғой. Бәсекелестіктің жақсы жері екі жақта шыңдала түседі. Қазақстанда біздің бәсекелес “Биік Қазығұрт” және “Оқжетпес” құрамалары.


- Қазіргі таңда қай құрамадасыз?

- Қазіргі таңда Ұлттық құрамада ойнаймын үлкен әйелдер арасында. “Томирис-Тұран” клубындамын.

- Жалпы қыз баласы үшін футбол деген жат спорт түрі деп жатады. Сіздің көзқарасыңыз қалай бұған?

-  Иә, ондайды менде жиі естимін.  Тіпті кейде Қазақстанда қыздардың футболы барма не деген сияқты айтып жатады. Мысалы мен басқа спорт түріне жақындай алмаймын. Жаныма осы футбол жақын. Басқа спорт түрін тіпті елестете алмаймын.

Жалпы менің қыздардың футбол ойнауына көзқарасым өте жақсы. Иә, кезінде де маған өте көп айтатын. Футболды таста, ол ұлдардың ойнайтын ойыны, қыздарға тән емес деп айтатындар өте көп болды. Тіпті менің отбасымда маған тап солай айтатын. Басқа спорт түрін таңда деп айтатын. Сондай әңгімелерді жан-жағымнан да көп еститін едім. Ал қазіргі таңда, қыздар футболы дамып жатқаннан соң ба білмеймін ондай сөздерді естімеймін.  Және де  қазір солай деп маған айтса да мән бермеймін.

- Өзіңіз сияқты қыз балалар футболға қызықса, бірақ ата-анасы қарсы болса оларға қандай кеңес берер едіңіз?

- Ата-ананы тыңдау керек. Дегенмен адамның өз жан қалауы да бар ғой. Егер футболға қатты қызығып, жаны сүйіп тұрса өзі қалаған іспен айналысқаны дұрыс. Соған қарай ұмтылған дұрыс. Футболға қызықты ма алдына мақсат қою керек, және соған қарай әрекет ету керек, тоқтамау керек. Сол кезде ғана нәтиже болады, арманына жетеді.

Ата-аналарға қыздарыңызды қолдаңыздар дегім келеді. Егерде күндердің күнінде қыздарыңыз жетістікке жетіп жатса ол сіздердің қолдауларыңыздың нәтижесі деп біліңіздер! Жәй ғана қарсы шықпай қолдаңыз, сонда барып қызыңыз қызыққан спорт түрімен айналысады.

- Өзіңізді мықты қорғаушылар қатарына жатқызасыз ба?!

- Қорғаушы позициясында қазіргі Ұлттық құрамада және “Томирис-Тұран” командасының сапында ойнап жүрмін. Бас бапкерлердің барынша сенімін ақтауға тырысып жүрмін. Әлі де тырысамын. Өзімді бәрінен мықтымын деп айтпаймын. Бірақ Қазақстанда үздік ойыншылардың қатарына енетініме сенімім мол. Және сол үшін аянбай еңбек етудемін. Өзіме сенемін!

- Сұхбатыңызға рақмет!