Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Біздің ұлттық құраманың Солтүстік Ирландияның мықты командасымен алаңдағы кездесуін қызыға тамашаладым. Ойын өте қызықты әрі тартысты өтті. Қазақ футболшылары қарсылас командаға төтеп беріп, 1:0 есебімен лайықты жеңіске қол жеткізді. Қазақстан ұлттық құрамасы және олардың мыңдаған жанкүйері үшін қуаныштымын", - деді Тоқаев.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы еріктілер мен жанкүйерлерге алғысын білдірді.
"Әсіресе "Астана жастары" мен басқа да ұйымдар еріктілерінің, сондай-ақ, жекелеген азаматтардың, белсенділердің үлгі аларлық ісін айрықша атап өткім келеді. Олар ойыннан соң стадионда қалып, трибунадағы қоқысты жинап шықты. Футболшыларымызды және жастарымызды мақтан тұтамын", - деп жазды Мемлекет басшысы.
Еске салайық, футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы "Астана Аренада" Солтүстік Ирландия құрамасын 1:0 есебімен ұтты.
Ел құрамасына жеңіс сыйлаған голды 27-минутта Максим Самородов соқты.
Матчті Қасым-Жомарт Тоқаев пен кәсіби бокс жұлдызы Геннадий Головкин де тамашалады.