Футзалдан Қазақстан құрамасы француздардан басым түсті

Ұлттық құраманың капитаны Дінмұхамед Сүлейменов бірінші таймның 17-минутында есеп ашса, екінші кезеңнің 6-минутында француз ойыншысы автогол салып, қазақстандықтардың жеңісін еселеп берді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы бірінші топтағы турнир кестесінде үшінші орыннан табылды. Бұл жетістік жаттықтырушы Әміржан Мұқановтың ойыншыларына Еуро-2012 чемпионатының финалына шығуға мүмкіндік беріп отыр.

Жексенбі күні сондай-ақ Әзірбайжан және Испания командалары кездесті. Пиреней түбегінің өкілдері қарсыластарынан басып түсіп, Әзірбайжан құрамасын 8:3 есебімен жеңді.

Жеңілістеріне қарамастан, әзірбайжандықтар да 2012 жылы Хорватияда өтетін футзалдан Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне өтеді. Аzerisport.com сайтының ақпараты бойынша, чемпионатқа Испания, Ресей, Сербия, Португалия, Чехия, Румыния, Украина, Түркия, Италия және Словения құрамалары да жолдама алып отыр.