Қаржы маманы Айбар Олжаев қазақ экономикасын дамытуға серпін беретін жақсы жаңалықтармен бөлісіті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Оғыздар мен қыпшақтар заманынан бері қазақ пен түркімен арасында газ секторына қатысты бір де бір стратегиялық әріптестік құжаты болмаған еді. 1990-2000 жылдарда Ниязов пен Назарбаев бір-бірін тек саммиттерде көретін және жақтыра бермейтін. Екі адамның жеке амбициясы мемлекеттік мүддеден жоғары тұрды. Бірақ 2024 жылы Санжар Жаркешовтың кім екенін жақсы білетін түркімен басшылары қазақтың ұлттық компаниясы «QazaqQaz» алдында барлық жолдарды ашып берді. Енді Қазақстан «Ғалқыныш» газ кенішін игеру, оның газын тасымалдау мен сатуға араласа алады.
Ғалқыныш - түркімен халқының бағына жаратылған, әлемдегі ірілер қатарындағы, запасы 21 триллион текше метрден асатын алапат газ кеніші. Бұл дайын табиғи газ, оны алу үшін арнайы зауыттарда ажыратып, өңдеудің қажеті жоқ. Құбырға түседі де тасымалдана береді.
Осы іске инвестор ретінде қатыссақ, жақсы кіріс ала аламыз және экономикамызды дамытуға, үлкен зауыттар, өндірістер ашуға энергетикалық әлеует пайда болады. Түсіндіре кетейін, үлкен зауыт ашқанда, арзан газ сияқты энергия көзі қажет. Шағын газ электростанциясын қойып, зауыт өзіне қажет электр тоғын алып отырады. Осы орайда, «Қазақстанның өзінде газ жоқ па не?» деп сұрақ қоятыныңызды түсініп отырмын.
Қазақстанда газ бар. Өзіміздің барлық қажеттіліктерімізді өз газымызбен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Қазір мемлекет газ саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі жоспарын жасаған және сол бойынша әрекет етуде. Шамамен бізде 130 жылға жететін газ қоржыны бар. Бірақ біздің газ сәл бөлектеу. Неге?
Бізде негізінен мұнаймен аралас ілеспе газ. Түркімендердікі таза табиғи газ. Біздің газды оны айыратын зауыттар қойып, игеріп, тазалап, содан кейін ғана құбырға салып отырмыз. Ол үлкен шығын. Бізде мұндай екі-ақ зауыт бар. Биыл біз қолданыстағы барлық кеніштерден газ өндірудің ең биік шыңына шықтық. Потолокқа келіп тірелдік. Яғни, енді жаңа кеніштер ашылмаса, онда жыл санап газ өндіру көлемі азая беретін болады. Сондықтан Қазақстан өз газын өз қажеттілігіне жұмсағандықтан, өңдеп, экспортқа шығаратын басқа шикізат таппай отырған.
Аркадагсыз өмір жоқ
Арзан түркімен газын игеру, оны өзімізге және Қытайға тасу, сол арқылы Бейжің алдындағы міндеттемелерімізді орындау, мегақұбыр ТАПИ-ге (Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндістан) қатысуға мүмкіндік алу бойынша ойлар көптен бері тек арман болып келген еді. 2024 жылы осы арманға қол жеткіздік. Енді шикізат базасына қол жеткіздік деп санасақ, онда QazaqGaz-дің жеке қаржыландыруымен нақты контракттар жасап, шаруаны бастап кету керек. Ол кәсіби маман Санжар Жаркешовтың ғана қолынан келеді.
Қазақстанның газ транзитіндегі мақтанышы – кеңес кезінде жасалған «Орта Азия – Орталық» магистралі. Мемлекет оны жыл сайын жаңартып, кем-кетігін жөндеп отыр. Қазір осы жүйе арқылы біз Ресей газын Өзбекстан мен Қырғызстанға тасымалдан, тасымал тарифінен пайда көріп отырмыз. Жақын жылдары QazaqGaz осы жүйені жаңғыртып, кеңейтіп, газ транзитінде үлкен ойыншыға айналмақ.
Газ біз үшін көптеген жылдар бойы мұнайдың тасасында қалып келді. Енді біздің өмірімізде Ғалқыныш пайда болып отыр. Демек, перспективаларымыз анығырақ бола түсті.
"Қазақ өзіне ылғи «ертең бәрі жақсы бола ма?» деген сұрақ қоятын халық. Ол сұрақтың жауабын ешкім нақты білмесе де, ешқашан көңілдегі үміт отын өшірмеген. Мен ертең бәрі жақсы болатынына сенемін. Себебі, біз оған лайықпыз", - деп жазды Айбар Олжаев.