«Біріншіден бұл мәселенің бәрін жіті анықтау керек. Мен облыс әкімімен бұл сұраққа байланысты тығыз байланыстамын және оларға біздің ұстаздарға қатысты жедел шешім қабылдамауды сұрадым. Өйткені бас-аяғын анықтап алу керек. Қазір ішкі істер органдары да бұл мәселеде асығыстық танытпауды айтып отыр. Мен бұл шешіммен келісемін. Сондықтан әр мәселенің артында адам тағдыры тұрғаннан кейін шешім қабылдауда абай болуымыз керек», - дейді Оқу-ағарту министрі елордадағы Тамыз конференциясында.
Еске салсақ, Қызылорда қаласында мектеп оқушылары «сыныптасын секс-құлдықта ұстады» деген күдікке ілінді. Бір топ жасөспірім 16 жастағы қызды қинап ұстағаны, есірткі беріп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлегені туралы ақпарат тарады. Оқушы қыздың ата-анасы жағдайды қоғамдық қорға хабарлаған.
Қызылорда полициясы аталған дерек бойынша күдіктілерді ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Кейін күдікке ілінген мектеп оқушылары үйқамаққа ауыстырылды.
Оқиғаға байланысты №7 мектеп-лицей директоры, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, психологы, әлеуметтік педагогі, сынып жетекшілері жұмыстан босатылды.