Caravan Logo

Газа аймағынан Қазақстанға 28 адам жеткізіледі

Газа аймағынан Қазақстанға 28 адам жеткізіледі

Қазақстанға Газа секторынан арнайы бортпен 28 адам эвакуацияланатын болды. Олар Палестина халқына жөнелтілген гуманитарлық көмек жүгі тиелген арнайы ұшақпен жеткізілмек, деп хабарлады BAQ.KZ СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған бортпен Қазақстанға Газа секторынан эвакуацияланған 28 адам – ҚР азаматтары мен олардың отбасы мүшелері елге жеткізіледі. Барлық міндетті рәсімдерден өткеннен кейін эвакуацияланған азаматтарға қажетті құқықтық, медициналық және өзге де қолдау көрсетіледі, - деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.

Жалпы салмағы 38 тоннадан асатын азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардан тұратын гуманитарлық көмек Мысырдың "Қызыл Жарты Ай" қоғамына тапсырылған болатын.

Палестиналық босқындарға көмектесу және жұмыстарды ұйымдастыру үшін БҰҰ Таяу Шығыс агенттігі Мысыр билігімен бірлесіп қазақстандық көмекті мұқтаж палестиналықтарға жеткізеді, - деді министрлік тарапы.

Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің төрағасы ретінде осы ұйымның мүшесі Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек көрсеткен. Бұған дейін осы жылдың 17 қарашасында жалпы саны 99 адамнан тұратын азаматтардың бірінші тобы аман-есен елге жеткізілген болатын.