"Газпром" Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің акционері болғысы келеді

"Егер Қазақстанның газ тасымалдау жүйесі сатылған жағдайда "Газпром" ААҚ оның акционері болғысы келеді",- дей келе А.Рязанов былай деді : "бұл Қазақстанға да, Ресейге де, соның ішінде Газпром үшін де тиімді болар еді ".

А.Рязановтың айтуынша, "бірінші кезекте Қазақстан біз үшін транзиттік мемлекет ретінде маңызды, сол себепті біз Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің даму барысын жіті қадағалап отырмыз".
"Газпром" ААҚ басқармалары төрағасының орынбасарының пайымдауынша, дәл қазіргі таңда "Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің қуаты компания сұранысына сай келмейді". "Ресей Өзбекстан және Түрікменстан республикаларымен ауқымды келісім-шарттарға қол қойған. Сол себепті өзбек және түрікмен газын Қазақстан арқылы Ресейге тасымалдау үшін ауқымды тасымал мүмкіндіктері қажет",- деді А.Рязанов. Оның айтуынша, 2007-жылдан бастап бұл көлем жылына 70-80 млрд.текше метрден асады.
А.Рязановтың айтуынша, "Газпром" ААҚ-ның Қазақстандық әріптестері "Газпромның тікелей қатысуынсыз, өзара ұзақ мерзімді шарт негізінде" өз қаржысы немесе несиелік қаржы есебінен газ тасымалдау жүйесінің қуатын арттыруға әзірлік танытқан. "Шын мәнінде, біз мұндай ұстанымды қолдаймыз",- деді ол.
Сондай-ақ, А.Рязановтың пайымдауынша, "Газпром" ААҚ "Қазақстанның газ тасымалдау жүйесін жаңалау және оның аясын кеңейту бағытында Бірлескен кәсіпорын құру және оған өз активтері мен ақшасын қосу арқылы қатыса алады, қолданыстағы жүйені өніммен толтыруға да дайын". "Қалай дегенмен, өзара келісімге келген жағдайда, бұл шешімдердің қай-қайсысы да іске асырылады",- деді ол.
"Газпром" ААҚ алғашқы жарты жылдықта Қазақстан арқылы 20 млрд. текше метр түрікмен газын, 2 млрд. текше метрден астам өзбек газын тасымалдады. "Бұл өте жоғары көрсеткіш",- деді А.Рязанов.
Қазір Қазақстандағы жылдық өткізгіштік қуаты 190 млрд. текше метрді құрайтын 10 мың шақырымдық негізгі газ тасымалы жүйесін 100 процент ҚР үкіметінің қатысуымен құрылған "ҚазТрансГаз" АҚ бақылайды.