Генетиктер қазақтарда псориазға бейімділік жоғары екенін анықтады

166 мыңнан астам геномға жүргізілген талдау нәтижесінде қазақтар псориазға генетикалық бейімділігі жоғары халықтардың бірі болып шықты, деп хабарлайды Caravan.kz.

Зерттеуді ресейлік Genotek компаниясы жүргізген. Бұл туралы Коммерсантъ басылымы жазды. Мамандар псориаз қаупінің артуымен байланыстырылатын rs12189871 генетикалық нұсқасының таралуын зерттеген. Қазақтар арасында бұл генетикалық нұсқа 29,6 пайыз жағдайда анықталған.

Бұдан жоғары көрсеткіштер тек кейбір өзге халықтарда тіркелген. Ең жоғары көрсеткіш Дағыстан халықтарында — 45,14 пайыз. Одан кейін удмурттар — 42,11 пайыз, шешендер — 38,16 пайыз, якуттар — 38,1 пайыз және башқұрттар — 37,1 пайыз көрсеткен.

Ал орыстар арасында бұл көрсеткіш төменірек болған. Ресейдің солтүстік аймақтарында «қауіпті» ген 21,6 пайыз жағдайда кездессе, оңтүстік өңірлерде 20,1 пайызды құраған.

Ең төмен көрсеткіш Ресейдегі корейлер арасында анықталған — 10 пайыз. Сондай-ақ әзербайжандар мен тау еврейлерінде де бұл ген сирек кездесетіні айтылды.

Псориаз — иммундық жүйенің бұзылуымен байланысты созылмалы аутоиммундық тері ауруы. Бұл дерт кезінде иммунитет ағзаның өз жасушаларына шабуыл жасап, соның салдарынан теріде қабыну мен қабыршақтанған аймақтар пайда болады. Ауру адамнан адамға жұқпайды және белгілі бір уақыттарда асқынып немесе ремиссия кезеңіне өтіп тұруы мүмкін.

Зерттеушілердің мәліметінше, аталған генетикалық нұсқаның болуы псориаздың даму ықтималдығын шамамен 3,3 есеге арттырады. Ал терідегі түрінің даму қаупі 4,5 есеге дейін жоғарылайды.

Дегенмен мамандар бұл геннің болуы адамның міндетті түрде псориазбен ауыратынын білдірмейтінін атап өтті. Аурудың дамуына өмір салты, күйзеліс, экология және басқа да факторлар әсер етеді.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай зерттеулер болашақта дербестендірілген медицинаны дамытуға және денсаулыққа төнетін қауіптерді ертерек анықтауға көмектеседі.

Псориаз — иммундық жүйедегі бұзылыстармен байланысты созылмалы тері ауруы. Бұл дерт кезінде тері жасушалары шамадан тыс жылдам жаңарып, соның салдарынан қабыну, қышу және қабыршақтану байқалады. Псориаз жұқпалы емес және ұзақ уақыт бойы білінбей өтіп, кейін стресс, инфекция немесе өзге факторлардың әсерінен қайта асқынуы мүмкін.