Германия Елшілігі неміс тілінде шыққан А.Құнанбаев пен М.Әуезовтің кітаптарын сыйға тартты

Семейде Абай атындағы әмбебап ғылыми кітапхана қоры ұлы  ағартушы Абай Құнанбаев пен Мұхтар Әуезовтің неміс тіліне аударылған бірегей туындыларымен толықты.  Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің қолына баға жетпес туындыны Қазақстандағы Германия Елшілігінің бірінші хатшысы, мәдениет және баспасөз бөлімінің басшысы Джонни Крамер табыстады, деп хабарлады қалалық әкімдіктің ақпараттық орталығынан.

«Қара сөздер» мен «Абай жолы» неміс тілінде 2010 жылы шыққан. Бұл - Қазақстан мен Германияның «Қазақ кітапханасы» атты бірлескен жобасы».

«Әлі күнге дейін басылым библиографиялық сирек туынды саналады. Германия Абай жайында өткен ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап біледі, сол кезде оның шығармалары алғаш рет неміс тіліне аударылған», - деп айтты таныстырылымда сөйлеген сөзінде Джонни Крамер.

 «Кітап қорын толықтыру үшін ғылыми кітапхана әлемнің әр тіліне аударылған Абай шығармаларымен кітап қорын толықтыру үшін әлемнің 42 еліне өтініш білдірді.  Біздің өтінішімізге Әзербайжан, Венгрия, Германия елшілігі жауап қатты, - деді Абай атындағы кітапхана қызметкері Гүлмира Нұғыманова.  


Қала әкімі Айбек Кәрімов делегация мүшелеріне жауап ретінде қазақ халқының дәстүрі мен тарихын баяндайтын тамаша туындыны ұсынды. «Возрождение» неміс этномәдени орталығының қалалық «Айнхайт» ансамблі ұлы Гете өлеңдеріне жазылған әнді шырқап берді.