Германия Федеративтік Республикасының сыртқы істер министрі елімізге сапармен келеді

СІМ өкілінің айтуынша, Германияның сыртқы саясат ведомствосы басшысының сапарына ГФР Бундестагындағы барлық саяси фракциялардың өкілдерінен құралған депутаттар тобы мен Германияның түрлі беделді, әрі ірі компаниялары басшылықтарының өкілдері де қатыспақ.

"Сапардың мақсаты - қазақ-герман қатынастарын дамыту барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру шаралары бойынша пікір алмасып, екі жақты қатынастарды одан әрі тереңдету мәселелерін талқылау",- деді Е.Ашықбаев.

Сапар барысында қазақстандық тараптың ұсыныстарын ескере отырып ГФР СІМ әзірлеген және 2007 жылдың бірінші жартысында Германияның Еуропалық Одаққа төрағалығы кезінде қабылданып, бекітілетін Орталық Азия аймағына қатысты Еуроодақтың жаңа Стратегиясының тұсаукесері өткізілмек.

Осы орайда сапар бағдарламасы бойынша ҚР мемлекеттік органдарының басшыларымен кездесулер өткізу көзделген. Сондай-ақ, сапар шеңберінде Астанада Қазақстан мен Германияның іскер топтары өкілдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізу жоспарланған.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті